«Кітап және кітапхана»

22.04.2026

С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 23 сәуір — Халықаралық кітап және авторлық құқық қорғау күніне орай «Кітап және кітапхана» тақырыбында және Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Нәзира мұрасы – ұрпаққа аманат» атты тағылымды іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқырмандарды кітап оқуға насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және авторлық құқықтың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ Нәзира Қожахметқызының өнегелі өмір жолын дәріптеу арқылы жас ұрпаққа рухани құндылықтарды сіңіру болды.Аталған шараға кітапханамыздың арнайы қонақтары ретінде 6 мектептің кітапханашылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері кітаптың адам өміріндегі рөлі туралы өз ойларын ортаға салып, әсерлі пікір алмасты. Кітапханашы – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір, білім мен руханияттың жанашыры. Кітапхана ісіне үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екені айқын көрініс тапты.Сонымен қатар, авторлық құқықтың маңыздылығына ерекше назар аударылып, әрбір шығарманың автор еңбегі екені, оны қорғау – мәдениетті қоғамның басты қағидаларының бірі екені түсіндірілді.Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың өмір жолы мен еңбегі де кеңінен насихатталып, оның адамгершілікке, білімге және адал еңбекке негізделген тағылымды ғұмыры жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Оның мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін құнды қазына, келешекке аманат екені ерекше атап өтілді.Қорыта айтқанда, бұл іс-шара кітаптың құндылығын дәріптеп қана қоймай, кітапхана мен кітапханашылардың қоғамдағы маңызын айқындап, рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесу болды.