Кітапханашыларға арналған "Wordwall интерактивті жаттығулар қызметі" мастер-классы
03.04.2026
3 сәуір күні Электронды қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен "С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" КММ-де кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру және заманауи цифрлық технологияларды меңгеру мақсатында "Wordwall интерактивті жаттығулар қызметі" атты мастер-класс ұйымдастырылды.
Мастер-класс барысында қатысушылар 5 топқа бөлініп, алғашқы кезеңде сергіту мақсатында "Кітапханадағы жаңа технологиялар оқырмандарды қалай қызықтыра алады?" деген ой-толғау сұрағына жауап берді. Әр командадан бір спикер шығып, топ мүшелерінің стикерлерге жазған пікірлерін тақтаға орналастырып, өз ойларымен бөлісті. Бұл кезең қатысушылардың белсенділігін арттырып, креативті ойлауына серпін берді.
Теориялық бөлімде "Wordwall" интерактивті сервисі туралы толық ақпарат беріліп, оның мүмкіндіктері мен кітапхана жұмысында қолдану жолдары таныстырылды. Сонымен қатар, "Wordwall" платформасында ойын құру кезеңдері көрсетілді. Қатысушылар тәжірибелік бөлімде өз ойындарын құрастырып, бір-бірімен бөлісіп, интерактивті форматта ойнап көрді.
Мастер-класс барысында кітапханашылар жаңа цифрлық құралдарды меңгеріп, оқырмандарды тартудың тиімді әрі креативті тәсілдерімен танысты.
Осындай тәжірибелік форматтағы іс-шаралар кітапхана қызметін жаңғыртып, оқырмандарға заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
