«Ауған соғыс жүректегі жара»

13.02.2024

Сәкен Сейфулин атындағы орталықтандырыған аудандық кітапхансында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған соғыс жүректегі жара» атты кездесу кеші өткізілді.

Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Бекетаев Әбушахма Мәметайұлы, Тынысбаев Ермек Айтбайұлы, Нақыпов Бек Далабайұлы, Жылқыбаев Қыдырбай Құрмашұлы қатысты. Сонымен қатар ауданымыздың ардагерлер ұйымы, Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, ауданымыздың мектеп оқушылары және ұстаздары іс шараға арнайы қонақ ретінде шақырылды.

Шара ең алдымен 71 жасында дүниеден өткен, СССР кезінде Ауғанстанда совет күштерінің арнайы мақсаттағы тобын басқарған, «қара майор» лақап атымен әйгілі болған Борис Керімбаевты және ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

Кеш барысында Ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісіп, өз кезегінде ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандары, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерліктері туралы, олардың әрқайсы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы айтып берді.

Ерліктің даңқын көрсете білген соғыс ардагерлеріне оқушылар тарапынан тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылып, өз пікірлерімен де бөлісті.

Ауған жолдарымен өткен жерлес жас сарбаздардың ерліктері туралы баяндайтын «Ауған соғысы – тарих қойнауының бір парағы» атты кітап көрмесі де жастарға ерекше әсер етті.

Кездесу барысында Ауданымыздың Балалар өнер мектебінің оқушылары, С.Сейфулин атындағы мектебінің және Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің оқушыларының қатысуымен бейбітшілік, достық туралы  патриоттық әндер шырқалып оқушылар өз өнерлерімен бөлісті.

Сонымен қатар сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсеткен жаужүрек ағаларымызға сыйлықтар табыс етіліп, тағылымды жиынға қатысқан жастар ардагерлермен естелік суретке түсті.