Ескекбаев Дәурен

Ескекбаев Дәурен Биматұлы, 1971 жылы Талдыбұлақ сегіз жылдық орталау мектебін аяқтаған соң 1974 жылы отбасылық жағыдайларға байланысты аудан орталығындағы Ленин атындағы орта мектепте оқуын сырттай жалғастырып толық орта білім алды.

Отбасылық жағыдайларға байланысты еңбек жолын да ерте бастап 1971 жылы сол кездегі Жаңаарқа ауданы, «Дружба» совхозы (қазіргі Байдалы би ауылы), Ленин атындағы бөлімшеде (қазіргі Ескене ауылы) ауыл шаруашылығында саласында еңбектеніп кең профильді механизатор, комбайнер маманы ретінде 1981 жылға дейін он жыл бойы ауылда үзіліссіз еңбек етті.

 Ерең еңбектің арқасында еңбек озаты ретінде аудандық комсомол комитеті тарапынан бірнеше рет мақтау грамоталарымен марапатталып, фотосуреті аудандық комсомол комитетінің құрмет тақтасына ілінді, үздік механизатор ретінде социалистік бағыттағы Болгария, Румыния елдеріне тегін саяхаттау құқығына ие болды. 1976 жылы қараша айында Жаңаарқа ауданының атынан Алматы қаласында өткен екінші  республикалық жас комсомол механизаторлар конферециясының делегаты болып сайланып  және сол жылы  Жаңаарқа өңірінде алғашқылардың бірі болып сол кездегі Одақ бойынша еліміздің астанасы Мәскеуде  Бүкілодақтық Орталық Комсомол комитеттің шешімімен берілетін «Алтын масақ» (Золотой Колос) белгісінің лауреаты атанып төс белгісімен марапатталды. 1977 жылы отау құрып шаңырақ көтергенде еңбегін бағалаған аудандық партия және комсомол комитеттерінің ұйытқы болып ұйымдастыруымен ауыл жастарына рух беріп, серпін әкелген Жаңаарқа ауданы бойынша тұңғыш және соңғы рет комсомолдық үйлену тойы дүркіреп өткендігі бүгінгі күнге дейін аға ұрпақтардың есінде.

1981 - 2005  жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік уиверситеті тарих факультетінің студенті, аспиранты, докторанты, аға оқытушы, доценті сияқты еңбек сатыларынан өтті.

Ескекбаев Дәурен Биматұлын,  көпшілік Жаңаарқа ауданы бойынша кәсіби тарихшы, этнография саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған тұңғыш және әзірге жалғыз ғалым ретінде таниды.

Ғалым ретінде Қазақстанда диаспорология және этнология ғылымдарының дамуына біраз еңбек сіңірді. 1984 жылдан бастап Ресей құрамындағы Астарахан, Орынбор, Омбы қазақтарын зерттеп нәтижесінде тек қана диаспора тақырыбы бойынша өзекті мәселелерді көтеріп ғылыми жинақтарда елуден аса мақалалар жариялаған. Зейнетке шықса да қазіргі күнге дейін Ресей архивтерінде Мәскеу, Санкт-Петербор, Челябі, Астрахан, Орынбор, Омбы, Түмен, Тобыл қалаларындағы мұрағаттарда жатқан қазақ тарихына қатысты тарихи құнды деректерді жинақтап Отандық ғылыми басылымдарда жарыққа шығарып түрлі ғылыми конференцияларда баяндама жасап жүр. Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты ретінде ондаған монографиялық ғылыми еңбектер мен оқу методикалық-әдістемелік құралдардың  және екі жүзден аса ғылыми-зерттеу еңбектер мен мақалалардың авторы атанды.

Қоғамдық жұмыстар саласы бойынша 2001-2003 жылдары «Ауыл-ел бесігі», «Туған жерге туыңды тік», «Рухани жаңғыру» т.б. мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдастарының рухын көтеру үшін Алматылық өз ағайындарының басын қосып Жаңаарқа ауданы Ескене ауылында зәулім мешіт (көлемі бір гектар) тұрғызып, міне одан бері де арада өткен 20 жылдан аса уақыт ішінде жыл сайын мешіт жұмыстарына қажетті қаржы тауып беріп, үзіліссіз  ауыл халқына рухани көмек беріп келеді. Жаңаарқа өңірінде тұңғыш рет «Басынан Иманақтың ән ұшқандай» деген атпен Жаңаарқа әншілері мен күйшілерінің антологиялық жинағын (тиражы екі мың дана) шығарып оны көпшілікке тегін таратты. Қазіргі күні өте құнды тарихқа айналған әндер жинағына енген Жаңаарқалық әншілер көпке танымал болып, еліміздің мақтанышына айналып отыр. Атап айтсақ олар: И.Омаров, М.Тілеуханов, Ф.Тұтқабеков, Қ.Байбосынов, Қ.Есенов, С.Үмбетбаев, С.Мұхамедин, Б.Көшенов, Ғ.Мұхамедин, С.Оспанов, Б.Тілеуханов, Б.Ноғаева, Қ.Болманов, Ж.Кемалов, Б.Тұтқабеков, А.Нығызбаев, Қ.Әбілдина, Т.Ұлмағанбетов, А.Әбдіғазымова, Қ.Мұқатаев, «Серпер» тобы, «Аршын» тобы,  Е.Төлеутаев, Е.Базарбеков т.б.  Және осы жылдары «Ескене» ауылындағы орта мектепті бітіруші түлектерді Алматы қаласына арнайы шақырып, қаланың көрікті жерлерімен, мұражайларымен таныстырып, тегін қыдыртып кейіннен олардың қаладағы жоғары оқу орындарына түсіп кетуіне және сол кездері астанамыз болған бас қаламыз Алматыда тұрақтап қалуына да мүмкіндік жасағанын көзі қарақты жандар әлі күнге дейін ұмыта қоймаған болар. Жаңаарқа ауданының ондаған өнерпаздарын (П.Тұтқабеков, М.Ұлмағанбетов, С.Үмбетбаев, Қ.Есенов, С.Мұхамедин, Ғ.Мұхамедин, С.Оспанов, Ж.Кемалов, А.Нығызбаев, Б.Ноғаева, Б.Тұтқабеков, Т.Ұлмағанбетов, А.Әбдіғазымова, Қ.Мұқатаев т.б.) өз қаржысына Алматы қаласына жинап Республикалық радиотелевидениеге қарасты «Алтын қорға» олардың орындауындағы ән мен күйлерді жаздырып өнер саласында жүрген Жаңаарқалықтарды тарихта мәңгілікке қалдырды.

Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін ғылыми жұмыстардан да қол үзбей өлке тарихын зерттеп, насихаттау мақсатында «ауыл ел бесігі», «туған өлке, туған жер» тақырыбы аясында Жаңаарқа ауданының ономастика, топонимика, өлкетану және жалпы тарих мәселелеріне байланысты тарихи-этнографиялық зерттеулермен айналысуда.

Кітаптары: 

1. Дәуренбек Ескекбаев, Өткен күндер немесе бір әулеттің тарихи тағдыры туралы. Ғұмырнамалық деректі эссе. – Алматы: Көкжиек – Горизонт, 2024, - 128 бет.