ҚИРАБАЕВ Серік

ҚИРАБАЕВ Серік Смайылұлы 1927 жылы 23 наурызда Жаңаарқа ауданы Келтетал деген жерде туған. 1951 жылы КазПИ-ді бітірген. Академик, филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), СССР Педагогика ғылымдары академиясының академигі (1994), Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері (1996).

Серік Қирабаевтың есімі әдебиет сүйер қауымға елу жылдан бері таныс. Ол әуелі әдебиет сыншысы есебінде танылды. Оның қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арнаған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан бастап жарық көре бастады. Кейін сынылықты ғылыми еңбекпен ұштастырып, қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы көрнекті ғалымдардың қатарына қосылды. Содан бері уақытта оның 600-ден астам әдеби-сын, ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрді. Олардың ішінде 30 монография және ғылыми зерттеу кітаптары мен монографиялар ішінен оның «Ғабиден Мұстафин» (1956), «Спандияр Көбеев» (1958), «Сәкен Сейфуллин» (1962), «Жүсіпбек Аймауытов» (1993), «Октябрь және қазақ әдебиеті» (1968), «Әдебиет және дәуір талабы» (1971), «Революция және әдебиет» (2том-1977), «Шындық және шеберлік» (1983), «Талантқа құрмет» (1988), «Әдебиетіміздің ақтаңдық беттері» (1995), т.б. іргелі зерттеулерін атауға болады. 1991-1992 жылдары ғалым-сыншының екі томдық таңдамалы шығармалары басылды.

Қазақстанның көрнекті қаламгері шығармашылығына арналған алғашқы еңбектерінде С.Қирабаев олардың жазушылық ерекшеліктерін тап баса талдап монографиялық үлгіде зерттеудің жолын тапты. Ол Ғабиден Мұстафиннің бүгінгі заман тақырыбын игерудегі табыстарын, С.Көбеевтің ХХ ғасырдың басында қазақ романын тудырудағы және Ыбырай Алтынсариннен басталған педагог-жазушылық дәстүрді жалғастырудағы еңбегін атап көрсетті. Ол С.Көбеевтің негізгі еңбектерін бірінші рет ғылыми айналымға қосып, оның тұңғыш шығармалар жинағын бастырды. Осы материалдар негізінде ол «Қазақ совет әдебиетінің очерктеріне» (1958), «Қазақ әдебиетінің тарихына» (орыс тілінде, 2 том) тараулар жазды. С.Көбеевтің жазушылық жолы жайында кандидаттық диссертация қорғады (1957).

С.Қирабаевтің «Сәкен Сейфуллин», «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітаптары бір кезде репрессияның құрбаны болып кеткен қазақтың екі ұлы қаламгерінің әдеби мұрасын жинақтап, зерттеуде белгілі белес болып табылады. Ол Сәкеннің қазақтың революцияшыл поэзиясын тудырудағы ролін, Жүсіпбектің европалық үлгідегі қазақ прозасын бастаудағы, жаңа роман жазудағы орнын дәлелдеп, олардың шығармаларын өз заманы шындығымен салыстыра зерттеп, екі суреткердің өмірі мен шығармашылығына қатысты жоғалған деректерді жинақтады. Екі кітап та қазақ әдебиеттану ғылымында зор бағаға ие болды. «Сәкен Сейфуллин» монографиясы негізінде автор докторлық дисертация қорғады (1964). «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітабы Ұлттық Ғылым Академиясының Шоқан Уалиханов атындағы сыйлығына ие болды (1994). Алғашқы монография қазақ, орыс тілдерінде (Алматыда, Москвада) бірнеше рет басылды. С.Қирабаев сонымен бірге Сәкен шығармаларының орыс тіліндегі басылымын «Сәкен Сейфуллин. Стихотворения и поэмы. «Библиотека поэта», Ленинград (1973) құрастырып, алғысөз, түсініктер жазды. Жүсіпбектің таңдамалы шығармаларын (1989) дайындасты. Серіктің басшылығымен жазушының бес томдық шығармалар жинағы жарық көруде.

С.Қирабаевтың басқа жұмыстары ішінен оның «Революция және әдебиет» (2 том) атты зерттеуі мен екі томдық таңдамалы шығармаларын бөліп атауға болады. Бұларда автордың қазіргі қазақ әдебиеті жайлы көп жылғы ізденісі жинақталған. Бұл зерттеулерде ұлттық әдебиеттің соңғы 70 жылдық тарихы, әдебиет жанрының туу мен даму мәселелері, реалистік өнердің жетілуі, көрші халықтармен әдеби байланыстың ұлғаюы т.б. маңызды әдеби-теориялық проблемалар қарастырылады. Бұлардан басқа С.Қирабаевтың Қазақстандағы әдеби процесс пен оған үлес қосқан үлкен қаламгерлердің шығармашылық жолын бағалау, зерттеу ісіне арналған еңбектері де көп. Ол Жамбыл, Б.Майлин, С.Мұқанов, С.Шәріпов, Ә.Тәжібаев, М.Дәулетбаев, С.Ерубаев, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, А.Тоқмағанбетов, Г.Орманов, Ә.Әбішов, Қ.Бекқожин, Д.Әбілов, М.Қаратаев, Ж.Саин, М.Иманжанов, Т.Молдағалиев, К.Салықов т.б. қаламгерлер шығармашылығы жайлы әдеби-ғылыми очерктер жариялады. Оның зерттеулерінде автордың ұлттық әдебиеттің өткендегісі мен бүгінгісін, әлемдік дамудың жайын терең білетіні, оларды салыстыру арқылы ойлар тұжырымдау өнері әрдайым көзге түседі.

С.Қирабаев 1952 жылдан бері орта мектепке (Х-ХІ кластар) қазақ әдебиетінен оқулықтар жазумен шұғылданып келеді. Жас ұрпақты әдебиет арқылы білім мен отаншылдыққа үйретуде бұл оқулықтардың атқарған қызметі зор. Қазақ жастарының талай ұрпағы осы оқулықтардан білім алды. Қазақ мектебі тарихында бірінші рет ол факультатив үшін жазылған құрал болып табылады. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінен (Б.Кенжебаевпен бірге), қазіргі қазақ әдебиетінен (М.Қаратаев, Т.Нұртазинмен бірге) жоғар мектеп үшін оқулықтар жазуға да қатысты (1968,1971,1987). С.Сейфуллин шығармашылығы жайлы жоғары мектеп үшін семинарий жасады (1982).

С.Қирабаевтың ғылыми – шығармашылық қызметінің көбі Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында өтті. Институтты бітірген соң ол сонда аспирантурада оқыды. Ұстаздық қызмет атқарды, 35 жыл бойы қазақ әдебиеті қафедрасын басқарды, филология факультетінің деканы, институттың оқу жұмысын басқаратын проректоры болды.

1988-1995 жылдар аралығында С.Қирабаев Ұлттық Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры болып істеді. Бұл жылдары ол ғылыми жұмыстың талантты ұйымдастырушысы есебінде танылды.

Репрессияға ұшыраған жазушылар тобын ақтау, олардың кітаптарын бастыру, зерттеу ісін басқарып, әдебиеттің ақтаңдық беттерін толықтыруға қызмет етті. Оның «Әдебиетіміздің ақтаңдық беттері», «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітаптары мен көптеген мақалалары автордың осы игі іске өзінің қосқан үлесін айқындайды. Соңғы жылдары өткен ұлы таланттарға арналған мерейтойлардың ғылыми бағдарламасын жасап, конференциялар ұйымдастыруда да С.Қирабаевтің еңбегі зор болды.

Сонымен бірге, С.Қирабаев институттың Абайтану саласындағы жұмыстарын басқарып, оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, шығармаларының академиялық жинағын баспаға дайындауға қатысты. Бұл саладағы еңбектері үшін ол институттың бір топ ғалымдарымен бірге 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

С.Қирабаев СССР Жоғарғы Аттестациялық Комиссиясының эксперттік кеңесінің мүшесі. Қазақстан ЖАК-ның төралқа мүшесі, сын кеңесінің төрағасы болып бірнеше жыл істеген. Көп жылдан бері Қазақстан Білім министрлігі жанындағы оқу-әдістемелік кеңесінің әдебиет секциясының төрағасы ретінде орта және жоғары мектепке арналған оқулықтар мен бағдарламалары жаңарту, жетілдіру ісіне басшылық жасап келеді. Оның «Қазақ әдебиеті және мектеп» (1979), «Қазақ әдебиеті» оқулығына методикалық нұсқау (Қ.Мырзағалиевпен бірге – 1987), атты еңбектері мектепте қазақ әдебиетін оқыту мәселелеріне арналған бағалы зерттеу болып табылады. Ол 1977-1988 жылдары Педагогикалық қоғамның республикалық кеңесі төралқасының төрағасы болды.

С.Қирабаевтің жетекшілігімен 8 докторлық, 26 кандидаттық диссертация қорғалды.

Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы орденімен, көптеген, медалдармен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президумының Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

Кітаптары:

1. Қирабаев С.С. Өмір тағылымдары. Естеліктер. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2015.  – 448+16 түрлі түсті жапсырма бет.

2. Қирабаев Серік. Шындық және шеберлік: Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1983. – 280 бет.