Кеңес Одағының батырлары

Жаңаарқа елі Ұлы Отан соғысы жылдарында

          1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, фашистік Германия Кеңес Одағының батыс аудандарын отқа орап жатқанда, Жаңаарқа халқы да дүр көтеріліп, үш мыңнан астам азаматтарын майданға аттандырды. Аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге 3189 адам шақырылып, олардың 1157-сі қаза тауып немесе хабарсыз кетті. Бір ғана Қараағаш ауылдық кеңесінен Отан қорғауға 111 үйден 64 азамат соғысқа аттанып, олардың 44-і майданнан оралмады. Соғыс жылдары ауданның әскери комиссарлары болып аға лейтенанттар Шамарин, Жирнов, капитан Шапошников қызмет істеді. Әскери  комиссариат 1939 жылы 10 мамыр күні құрылды. Алғашқы әскери комиссары  Михаил Николаевич Шамарин 1943 жылғы 28 мамырға дейін қызмет атқарып, өз еркімен  майданға сұранып кетті.

         Ұлы Отан соғысы басталған шақта аудан орталығында  митинг ұйымдастырылып, аудандық «Лениндік жол» газетінің қызметкері Айдаров Әбілуәйіс  жерлестерін Отан  қорғауға шақырып, өз еркімен майданға аттанатынын жариялады.

              Жаңаарқа жерінің ер азаматтары майданға аттанған шақта орнын әйелдер мен қарт адамдар, мүгедектер мен балалар басты. 12-16 жастағы балаларға дейін еңбеккүн минимумы дайындалды. Тұтыну тауарлары азайып, олардың бағасы жоғарылап, ауыл халқының күнкөрісі мейлінше төмендеп кетті.

            Ұлы Отан соғысы  туралы сөз қозғағанда  саяси себептермен Қазақстанға  жер аударылған халықтардың, олардың ішінде  1941 жылы 26 тамызда М.И.Калинин  қол қойған КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Қазақстанға жер аударылған жарты  миллион неміс және 1944 жылы Кавказдан жер аударылған 350  мың шешен, ингуш, қарашай, балқарлардың ауыр тағдырына тоқталмай кетуге болмайды. Немістерден өзге Жаңаарқа ауданына  1938 жылы 42 корей, 1944 жылы 1024 шешендер мен  ингуштар (255 отбасы) орналастырылды. Жаңаарқа жеріне тұрақтаған олардың отбасылары ұзақ жылдар  бойы өмір сүріп,  кейіннен өздерінің  тарихи отандарына қайтып оралды.

                                                                   

 

А Ә Б В Г Ғ Д Е Ж З
И К Қ Л М Н О Ө П Р
С Т У Ұ Ү Ф Х Ш Ы І