Жаңаарқа ауданының тарихы
Ауданымыздың тарихы
Тарихы көне дәуірлерден сыр шертетін, тұлпарының тұяғы дүниені дүркіретіп, әлем тарихында ерекше орын алған Cақтар мен Ғұндар, Көк бөрінің рухынан жаратылған Көк Түріктің жалғасы болып табылатын халқымыздың өзіндік тағылымды тарихы өзгеге мақтаныш, өзімізге үлгі тұтарлық. Қайталанбас салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпымен ерекшеленетін Қазақ халқының талай ғасыр иемденіп келе жатқан кімді болмасын кеңдігімен көз тартқызар сайын даласының әрбір аймағы мен тау – тасы үлкен зерттеуге сұранарлық шежіреге толы.
Осындай шежіреге бай, сан ғасырдан сыр шертер қасиетті, киелі өңірдің бірі, әйгілі Сарыарқаның жуан ортасынан орын алған Жаңаарқа жері.
Шұрайлы да шырайлы Жаңаарқа – өлкесі – сан даралар мен даналардың киелі ордасы, алтын бесігі, ата мекені. Бұл қасиетті топырақ – сан ғасырды бойлап тарихтың талай құпиясын сақтаған, бүгінгі күндері даласы ән мен жырға айналған, берекелі еңбек өрбіткен өңір.
Биыл аудан болып құрылғанына 80 жыл толуын атап өткелі отырған қойнауы ырыс, жайлауы тыныс, еліміз бен ұлтымыздың тарихына аты алтын әріппен жазылған талай, талай тарлан тұлғаларды, алтын айдарлы азаматтарды түлетіп ұшырған текті топырақ, қасиетті мекен Жаңаарқа өлкесінің тұмса тарихы сонау есте жоқ ескі замандардан тамыр тартып, ерте ғасырлардан бастау алады.
Атақты академик Ә.Марғұлан Жаңаарқа жеріндегі Атасу қонысын Орталық Қазақстандағы ең ірі, ең ерте қоңыстардың бірі деп есептеп, оның ерекшеліктерін ескере отырып, Атасу мәдениеті деген атау еңгізді. Ауданымыздың аумағында орын тапқан тарихи ескерткіштері, күмбездері өңіріміздің көне замаңғы тарихынан сыр тартады.
Жаңаарқалықтардың атырапқа атын жайған және бір өзіндік қасиеті – мұнда шынайы өнерді пір тұтатын, өнерлі ұлдарын ұлық көріп, төбелеріне көтере білген, додалы сайыс,дүбірлі жарыс десе ішкен астарын жерге қоятын іскер әрі намысты қолдан бермейтін, үлкен жүректі сері халық , сауықшыл ел қалыптасқан. Бұл төңіректе екінің бірі әнші – күйші, палуан, атбегі, десек артық айтқандығымыз да, мақтанғандығымыз да болмас.
Өзге жерге барып өзімізді таныстырсақ ең алдымен ХVIII ғасырдың ортасында әділдігімен аты шыққан, Абылай ханның сенімді би шешендерінің бірі болған Байдалы би, одан беріректе Жаңаарқа жерінде өмір сүрген сегіз қырлы, бір сырлы күйші композиторлары Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, ақындары, Маймақ, Айна, шешендері Бек, Тұяқ сал Төлебай, билері Бекқожа, Қаспақ Құтжан, Талжан, ел билеген Шоң , Тәті сияқты азаматтары есімізге оралады.
Жаңаарқа тарихы үшін бүкіл қазақ елі үшін мақтанышқа айналған, сұлулықтың символы болған, сегіз қырлы бір сырлы, қоғам, мемлекет қайраткері, даулпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің алатын орны ерекше, оның замандасы, еліне адал қызмет еткен Жанайдар Садуақастың да жасаған еңбегі зор.
Қазақ ән – күй өнеріндегі қайталанбас тұлғалар ретінде Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Ахат Байбосынов, Қарақат Әбілдина, Айтбек Нығызбаев, Жақсыгелді Кемалов, Серік Оспанов, Қорабай Есенов, Мұхамеджан Тілеуханов, Биғазы Тұтқабеков, Ербол, Ержан Базарбековтердің есімдері тарихта қала беретіні дау туғызбайды.
Аудан тарихына академиктер Серік Қирабаев, Әлия Бейсенова, Ғабдолла Құлқыбаевтардың, ғылым докторлары Темірғали Көкетаев, Хангелді Әбжанов, Қани Мұсылманбеков, Өмір Мәдікенов, Кәрібай Садырбаев, ақын – жазушылар Ісләм Жарылғапов, Ақселеу Сейдімбеков, Алдан Смайылов, Бұқпа Әшімов, Жақан Смақов, Хамит Жаманов, Сайлаухан Нәкенов, Асан Жұмаділдин, Қалиақбар Әбілдин, Еркін Игенберлин, Сәбит Бексейіт, Төкен Әлжанов, Ғалым Жайлыбаев, Аманжол Әлтаев, Қымбат Әбілдиналардың есімдері аудан тарихында алтын әріппен жазылады.
Өткен ғасырларға шолу жасасақ асқақ рухымен көзге түсер атақты Нияз, Байғозы, Аралбай, Бақыбек секілді батырлардың бүгінгі ұрпақтары, балуандығымен алты алашқа әйгіленген жерлестеріміз Битабар, Мұқамеджан балуандардың ізін қуған спортшыларымыз Ғалым Жарылғапов, Диқанбай Биткөзов, Ғазым Жарылғапов, Дүйсенбай Бөкенайұлы, Сұлтан Тынысбаев, Әли Сұлтан Волобуев, ағайынды Қанат, Жанат, Талғат Байшолақовтар және осы ағаларының ізін ала Жаңаарқа спортын Азия, Әлем деңгейіне көтеріп жүрген Қайрат Абзалов, Келбет Нұрғазина, Асылхан Барменов, Дәурен Ізтілеуов секілді жас өрендеріміз басты мақтанышымыз десек артық айтқандық емес.
Осындай көгінде сұңқар, жерінде тұлпар бола білген тұлғаларға қоныс болған, өнегелі өнері мен өркен жайған өмірі бар өлкемізде ХХ ғасырдың басында Алтай – Қарпық рулары тұратын болыстар қосылып, жаңа әкімшілік құрылым түзді. Аудан алғашқы құрылғанда Асанқайғы аталып, 1929 жылғы 16 тамыздан бастап аты әйгілі жерлесіміз, дауылпаз ақын, қоғам қайарткері Сәкен Сейфуллиннің тікелей ықпал етуінің натижесінде Жаңаарқа ауданы болып өзгертілді.
Өзінің бір ғасырға жуық тарихында ауданымыз дамудың бірнеше сатысынан өтті. Аудан болып құрылған алғашқы жылдары тұтас қазақ халқының басына түскен нәубеттерді басынан өткерген Жаңаарқа халқы еш жасымастан елімідіздің дамуына үлесін қоса білді.
Ұлы Отан соғысына 3189 ұланын жіберіп, 1157 боздағынан көз жазып қалған Жаңаарқа халқының өшпес ерлігін жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Амантай Дәулебековтың есімі дәлелдей түседі.
Соғыстан кейінгі жылдары елдің әлеуметтік жағдайы артып, шаруашылық үлкен қарқынмен дами бастады. Осы уақыттағы ерен еңбектері үшін Оспан Әлібаев, Ыдырыс Жұмабеков, Сатан Ысқақов, Шалғынбай Ынтықбаев тәрізді еңбек азаматтарына Социалистік Еңбек Ері атақтары беріліп, олар Ленин ордендермен марапатталды.
Абыройлы Жаңаарқа атырабының алтын жібектей өріліп,ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өміршең салт – санасы, дәстүр сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы арқылы ғасырдан ғасырға өтіп келе жатқан өзіндік келбеті еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жарқырап көрінді.
Қазақстан өз алдына іргелі ел болып,қалыптасқаннан бері Жаңаарқа ауданының әлеуметтік – экономикалық жағдайы да қарқын алып дамуда. Бұл жылдар аралағында біздің ауданымыз да, Қазақстанның барлық аймақтарымен бірге жаңарып, дамудың жаңа бір сатысына көтерілді деп айта аламыз. Оған кейінгі жылдарда өзгеріп, гүлденіп жатқан оң өзгерістер көз жеткізе түседі. Облыс бойынша даму қарқыны жағынан үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан біздің аудан, Қазақстанның дамуына өзіндік қосып келе жатқан аймақ екені сөзсіз.
Бүгінгі Жаңаарқа – бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің ат байлар атамекені, ардақ тұтар қасиетті қонысы. Жаңаарқа текті мінез, асқақ абырой, алдаспан намыстың елі.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз. Ендеше еліміз егемендігін алып, етек – жеңімізді жинаған шақта, алтын бесігіміз саналатын туған жеріміздің өткеніне көз жүгіртіп, тарихын түгендеу басты парызымыз болып қала бермек.