Тарихы
Кітапхана тарихы
Аудандық балалар кітапханасы 1954 жылы 280 кітап қорымен ашылған. 2010 жылдың 29 маусым айынан бастап кітапханаға «үлгілі кітапхана» мәртебесі берілді.
Осы жылдың 19-шы қазанында ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Балғатай Өтешовтің аты берілді.
Қазіргі уақытта аудандық балалар кітапханасы – ақпараттық-ағартушылық, рухани, эстетикалық тәрбие беру орталығы.
Кітапхана – әмбебап кітапхана қорынан тұрады. Балалар кітапханасы есіктен кірген балаларға білім шуағын шашып, көңілге ұлттық рух ұялатады. Әсем безендірілген: «Менің Отаным – Қазақстан», «Бір ел- бір кітап» акциясының көрмесі, «Саялы өлкем, сазды өлкем – Жаңаарқа», «Кел, балалар, оқылық!», «Білім еліне саяхат», «Өзің оқы, өзгелерді қызықтыр!», «Жаңа кітап», «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» т.б. кітап көрмелері оқырманды өзіне тартып, білімге құштарлығын оятады.
Балалар кітапханасының қорын кітаптар, мерзімді басылымдар, электронды құжаттар т.б. құрайды. Балалар кітапханасында: оқу залы, абонемент қызмет көрсетеді.
Қызмет көрсету жүйесі пайдаланушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұйымдастырылған. Кітапхана пайдаланушылары – мектеп жасына дейінгі балалар, 1-9 сынып оқушылары, және балалар оқушылары жетекшілері: мұғалімдер, тәрбиешілер, ата- аналар т.б.
Кітапханада отбасылық оқуды насихаттау мақсатында, кітап және жанұя бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында отбасылық оқу бұрышы ұйымдастырылған. «Отбасымен оқимыз!», «Атамекен» клубтары, «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс істейді.
Сонымен қатар кітапханада:
- Қажет деген кітапты абонементтен алуға;
- Интернетпен жұмыс жасауға;
- Белгілі бір тақырыпқа әдебиеттерді таңдауға ұсыныс беруге;
- Жазба түріндегі библиографиялық сұраныстар алуға болады.
Оқу залы – кітапхана пайдаланушыларына кітапхана көлемінде баспасөз шығармалары және басқа да құжаттармен шектеулі түрде қамтамасыз етуге жабдықталған зал. Көптеген көпшілік іс-шаралар оқу залында өткізіледі. Оқу залында 20 орындық бар. Оқу залы қорында орыс және қазақ тілдерінде соңғы 5 жылдағы мерзімді басылымдар мен ағымдағы жылдың газеттері бар. Мұнда әр саласы бойынша кітаптар, оқулықтар, энциклопедиялар, анықтамалар, сөздіктер кітапхананың ең құнды басылымдарының жиынтығынан құралған. Оқу залының негізгі міндеттері барлық оқырмандарға бірдей сапалы қызмет көрсету және сұраныстарды толық қанағаттандыру.
Оқу залы: әдеби кештер, сұрақ-жауап кеші, әдеби сот, кездесулер т.б. ұлттық және мемлекеттік мерекелерге байланысты іс-шаралар өткізеді. Қазіргі уақытта жұмыстың жаңаша түрі: акция, ток-шоу, флэшмоб, айсстопер көрмелері, тұсаукесерлер, интеллектуалды ойындар, зертханалық шаралар ұйымдастырылуда. Оқырмандар кітапханашыларға әр уақытта ризашылықтарын және пікірлерін «пікір дәптерге» жазып қалдырып отырады.
Жастарды шығармашылыққа баулитын әртүрлі әдеби сайыстар, кітап тұсаукесерлері, конференциялар өтеді. Әртүрлі тақырыптағы әсем безендірілген кітап көрмелері оқырмандарды ұлттық игіліктер мен адамзаттың озық мәдени мұрасымен таныстырады. Оқу залында мерзімдік басылымдарды, энциклопедияларды, сөздіктерді жиі оқиды. Бөлім кітапханашылары Жаңаарқалық ақын-жазушыларымен шығармашылық кездесулер өткізіп, жаңадан шыққан кітаптарына тұсаукесер жасап отырады. Айтулы күндер мен тарихи даталарда кітап көрмесін ұйымдастырады. Қазақстан жазушыларының, халық әртістерінің, композиторлардың мерейтойларына орай әдеби кештер, әңгімелер, оқырман конференциясы, дөңгелек үстел, ардагерлермен кездесу, музыкалық-поэзиялық кештері өткізіледі. Ұсыныс тізімдері, буклеттер жасалады, мысалы: «Жерлесіміз Ғалым Жайлыбаевтың туғанына 60 жыл», «Ермек Өтетілеуов – 80 жаста» , «Балалар жазушысы Марат Қабанбаевтың туғанына 70 жыл», «Қазақ жазушысы, аудармашы, жерлесіміз Ісләм Жарылғаповтың туғанына 100 жыл», «Бауыржан Момышұлы», «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Немат Келімбетов», «Ұлағатты ұстаз, ағартушы, кітапханашы», «Сәкен – елдің сәні, жүректің әні», т.б., сол сияқты папкалар толтырылып отырады.
Оқу залында кішкентай бүлдіршін оқушыларға арналған «Қазақ халық ертегілері», «Ғажап деректер», «Сен білесің бе?», «Балаларға арналған танымдық энциклопедиялар», «1100 қызықты деректер», «Сиқырлы құмыра», «Балақай», «Ертегілер елінде», «Ашылмалы кітапша», «Балаларға базарлық», «Сиқырлы кітап», «Саяхатшы Дара», «Тыңда балам ертегі», «Анаммен оқып үйренейік», «Көңілді көліктер», «Жұмбақтар», «Мақал-мәтелдер», «Жаңылтпаштар» сериялы кітап топтамалары бар.
Оқу адамзаттың жан-жақты да белсенді болуына ықпал ететінін және жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуындағы маңызды функцияны атқаратынын мойындай отырып, қоғамды дамытудағы басым міндеттердің бірі ретінде оқуды қолдауды қарастыра келе, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел – бір кітап» акциясын жыл сайын жүзеге асыруды ұсынады. Акцияның мақсаты: оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық қатынас. Акция мазмұны: бүкіл елдің бір кітапты бір мерзімде оқып шығуы және талқылауы. Осы кітапқа арнап, түрлі іс-шаралардың өткізілуі. «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша оқырман конференциясы, поэзиялық кештер, сайыстар өткізіліп отырады. Биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» акция аясында ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың лирикалық шығармалары және Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» атты романы оқылады. Оқу залында «Бір ел- бір кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалуда.
Тоқсанына бір рет отырыстар өткізіп, ай сайын жоспар бойынша іс-шаралар өткізіп отырады.
Жас мамандар, кітапханашылар: Ақмолдина Әсем Құрақбайқызы, Естаева Нұргүл Бексұлтанқызы қызмет көрсетеді.
Абонемент. Бөлім қорының белгілі бөлігінен оқырмандардың еркін пайдалануы үшін ашық қор жағдайы жасалған – ол абонемент. Абонемент барлық оқырмандар мен мамандарға әдебиеттерді үйге беру арқылы қызмет көрсетеді. Бөлімнің кітап қоры әр саланы қамтитын әмбебап, қазір 12 мың данаға жуық әдебиеттерден тұрады.
Бөлім мамандары жергілікті және шетел ақын-жазушылардың шығармашылығына түрлі көпшілік шаралар өткізіп, кітап көрмелерін ұйымдастырады.
Абонемент білімінде кітапханалық библиографиялық жіктеу және ондық жіктеу, яғни барлық сала бойынша әдебиеттер мен шығармалар жинақталған. Оқушылар мен студенттер оқу бағдарламасы бойынша және басқа да керекті әдебиеттерді еркін таңдай алады. Бөлімнің оқырмандары әртүрлі: жоғарғы сынып оқушылары, ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер, т.б.. Жаңа түскен кітаптарға көрме ұйымдастырылып, шолу жасалады. Сонымен қатар: «Бәрін білгім келеді!», «Мен және қоршаған орта», «Қазақ ертегілері», «Ертегілер әлемі», «Білім еліне саяхат», «Әлем балалар әдебиеті», «Спорт- сенің серігің», «Тәрбие тәлімі» кітап сөрелерімен безендірілген. Оқырмандарға қызмет көрсету жұмысы әрқашанда уақыт талабына сай жүргізіледі. Кітап көрмелері, тақырыптық іріктеу, бөлгіштер – абонемент оқырмандары үшін кітап әлеміне деген басты бағдар. Кітапханашылары: Серикова Роза Ғазалықызы, Дюсенбекова Гүлімай Қабидоллақызы.
Оқырмандардың жас ерекшеліктерін ескере отырып пайдаланушылар арасында библиографиялық, кітапханалық сабақтар жиі өткізіліп тұрады. Оқырмандардың түрлі сұраныстарына жеке және топтық кеңестер мен ұсыныстар береді. Мақалалардың жүйелі картотекасы, өлкетану картотекасы және тағы басқа картотекалардың қызметін ұйымдастырады. Оқырмандар кітап қорын ашық пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар мектептермен тығыз байланыста әртүрлі іс-шаралар өткізеді.