Нияз батыр

Нияз батыр. Руы Алтай Сайдалы Барқыұлы Нияз 1688 жылдардың шамасында туып, (120 жасаған) 1808 жылдардың мұғдарында қайтыс болып Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қорымға жерленген. Түркістанға қойылған қазақтың айтулы адамдарының тізімінде Нияз батырдың да аты бар. Нияз батыр туралы атадан балаға жеткен аңыз әңгімелері көп. Соның ең бастысы Ұлытауда аң аулап сейіл құрып жүргенде Қалдан-Церен жасақтары тұтқындап әкеткен Абылай сұлтан мен Аралбай батырдың 15 жасар Өмір деген баласын босатып әкелуі.

Аңыз-әңгімелерді былай қойғанда Нияз батырдың саяси мемлекеттік істерге араласқан ірі тұлға екені жөнінде жазба деректер, құжаттар бар. 1999 жылы басылған Ж.Артықбаев, Т.Аршабеков, І.Ісләмұлының «Жаңаарқа тарихы» деген кітабында «Қазақтың өз ішіндегі шежірелерден көрі Ресейдің XV III ғасырдағы құжаттарында сақталған Нияз батыр туралы мәліметтер толық және жан-жақты. Оларды салыстыра отырып, біз қазақтың ең құрмағанда өзінің шежіресін хатқа түсірмегеніне өкінеміз...», - делінген.

1740 жылы Орынбор қаласына Кіші жүз бен Орта жүздің игі жақсылары жиналған үлкен кеңес өтті. Осы кеңесті өткізуге мұрындық болған Орынбор комиссиясының бастығы генерал-лейтенант, князы В.Урусов Ресейге бодандықты әлі мойындамаған Орта жүздің ел басыларына ерекше көңіл бөлді. Мүмкін генералдың осы ниетің ертерек сезген болар, Әбілқайыр өзі жиынға келмей, орнына Нұралы мен Ералыны, үлкен ұлдарын жіберді. Олардың өздері де бірнеше күннен кейін ың-шыңсыз, бір түнде Орынбордан кетіп қалды.

Орта жүздің сөзін алуға Ресейдің ынталы болатыны түсінікті. Сәмеке замаңында сыртынан мақұл дегенмен, нақты келісімге, шартқа қол қоюға көнбеген ел. Ал Орта жүздің игі жақсылары қандай мүддені көздеді деген сұраққа келсек, оның тарихы былай. XVIII ғасырдың 30-шы жылдарының соңында қазақ-қалмақ арасы қайта шиеленісті. Үздік-создық соғысып, алма-кезек жеңіліп жүргенде Қалдан Серен Орта жүз қазағы аманат берсін, бізге бағынсын деді. Қазақ болса, жақындағы қалмақтан кәрі алыста айбат шегіп тұрған орысты жөн көрсе керек. Алыстан арбалар, іргеге жақындамас, орыспен жақын болсақ та аяғын аңдап басар деген есеп бар.

Әбілмәмбет пен Абылай бастаған Орта жүз адамы Орынборға 24-тамызда ілікті. Құрметпен қарсы алған орыс жағы 28 тамызда әскери парад ұйымдастырып, құрметті қарауылды сапқа қойып В.Урусов пен Орта жүз басшыларының кездесуін өткізеді. Осы жерде алғаш рет Әбілмәмбет пен Абылай Ресейге адалдықтары жөңінде құран ұстап, ант берді.

Әбілмәмбет жөнінде В.Урусовтың жинақтаған мәліметі «Абулмамбет – сын бывшего Пулат хана, и будучи де он в прошлом году (шын мәңінде Сәмеке өлгеннен кейін, 1734-жылдан бері хан Ж.А.) в Туркестане от знатнейших киргиз-кайсацких родов, яко Аргын-Алтайского и Увак-керейского и других удостоен в хана, и по прибытии в Орду от многих родов поднят на спанче (Ақ киіз)».

Ант беру рәсімі өткеннен кейін Орынбор басшылары дастархан жайып хан мен сұлтан бастаған қазақтың 128 би-батырларына сый көрсетті. Одан кейін ақ патша құрметіне, қазақ хандары мен сұлтандарының, батыр-билерінің құрметіне зеңбірек атып салют берілді. Осы той-тамашаның кезінде генерал В.Урусов пен Нияз батыр танысып, қазақ-орыс мәселелерін талқыға салды. «Потом пошли в кибитку (қазақтардың тіккен үйлері) и идучи с генерал-лейтенантом вступил в речь киргиз-кайсацком Средней орды знатнейший старшина Нияз батыр, о котором известно, что он во время Шемяки хана (Сәмеке хан) в Туркестане великую силу имел, а по смерти его Туркестаном управлял и Абулмамбет хана на ханство утвердил. Он Нияз батыр присмотре по азиатскому обыкновению весьма неглупым человеком и примечено, что он пред всеми старшинами большого приимущества требовал».

Нияз батырдың XVIII ғ. қазақ қоғамы басынан кешкен небір айтулы оқиғаларға тікелей қатысы барлығы осы 1740 жылы кездесу күнделігі ретінде жазылған дәптерден-ақ анық. Орынборда Нияз батыр өзінің ескі танысы, секунд-майор Миллерді кездестіреді. 1733 жылы осы К.Миллер Ресейдің сауда керуенімен Ташкентке жақындаған жерде Ұлы жүздің Қангелді батырына ерген топ шауып 20 мың рубльдің дүниесін талан-таражыға түсірген. Әбілқайырдың біз бодан болдық  деген сөзінің жалғандығын шығарған әңгіме осы болатын. Кейін секунд-майор К.Миллер осыны мегзеді «указав на одного батыра, что пьют и не отрицается, на то он сказал (Нияз айтыпты) «Я же лучше хочу мертвым быть, нежели с ним равняться». Бұл мысалдан Сайдалы Нияз батырдың қара тобырдан жоғары тұрған сайыпқыран көсем, адамды аздыратын арақ-шараптың, алыста ойлатпайтын тоқмейіл, тойшылдықтың да қас жауы екенін көреміз. Қалмақтан ығысып, орыстан опа таппақ болып отырған, тағдыры қыл үстінде тұрған елдің атқа мінер азаматтарының осы жауапты келіссөз кезінде салауатты болғанын қалаған болар батыр».

Бұған арғы мәжілістерден біз Нияз батырды қашан да Әбілмәмбет жанынан көреміз. Орынбордағы көп келісім сөздің бірінде Нияз батырдың айтқан сөзі: «Нияз батыр позван был в кибитку и посажен на стул, и как генерал-лейтенант с ним начал говорить, что он о добрых его поступках неизвестен, на то он (Нияз батыр) очень не глупо отвечал, между прочим сказал: «Российские де люди, как я ведаю, ум свои в сердце и в голове имеют, а у наших де киргизов-кайсаков ум их в глазах, а не у всякого в сердце».

Әңгіме арнасы қазақтың бала мінезділігі, алаңғасарлығы мен орыстың (өзге ұлттың) айласы, сырын бермейтін зымияндығы туралы. Өзге елдің етегінен ұстап, тағдыры тәлкекке ұшырып отырған қазақтың ақжүрек, адал қалпы бұдан әрі опа бере ме, батырдың ойлағаны да осы болар.

Нияз батыр қазақ жерінің тарихын ресейлік ғалымдардың алғашқысы болып хатқа түсірген П.И.Рычковқа көп мәліметтер берген адам. Қазақтың хан шежіресін Әбілмәмбетке дейін таратып берген де, басты-басты рулардың арасындағы жол тәртібін түсіндірген де, Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды атап айтып, олардың қазақ тіршілігіндегі орнын көрсеткен де Нияз батыр. П.И.Рычковтың «Топография Оренбургской губернии» кітабының негізгі деректері сол жолғы кездесуде жинақталған.

... Нияз батырдың көп сөйлескен тақырыбы сауда керуендерінің қауіпсіздігі, Түркістан, Ташкенттегі орыс саудасын қолдау «а теперь усердно желают, чтобы торги к ним в Туркестан (ибо он, Нияз батыр, житель Туркестанской) и в Ташкент бесприпятственно продолжались».

Сауда керуендерін тонауды тоқтату, оларға салық салмау мәселелері талқыланғанда Нияз батырдың ұсынысы бойынша үш жүздің осы жиынға келген белгілі аталардың өкілдері шақырылып, олардың әрқайсысына өз елдерінің ішіндегі ұры-қарыны тыю жөнінде жөнінде талаптар айтылды. Тіпті Алтайдың өзінен Олжагелді Қареке би ұлы, Екібай Бекайдаров, оның інісі Баба Бекайдаров, Өтеулі Құлмырзаұлы, оның қосшысы Үмбетбай Бегенов, т.б. шақырылды.

1741 жылғы Құба қалмақпен жасалған бітімнің кезінде де Нияз батыр белсенді қызмет атқарады. Әбілмәмбет Құба қалмақтың ханшасымен келісіп, құда болды. Ол кезде Құба қалмақтың Дондук Омбо деген ханы өліп, оның орнына уақытша бәйбішесі Дарма бала иелік жасап отыр еді.

Қарасақал мәселесіне байланысты 1740-43 жылғы келіссөздерге Нияз батыр түгел қатысты. 1742 жылғы Әбілқайырдың Орынбор комиссиясына жазған хатында Нияз батырдың аты аталады. Түркістан мен Ташкентте билік құрған Әбілмәмбет хан мен Барақ, Жәңгір сұлтандарды, қала маңына иелік еткен Мырзағұл мырза мен Нияз батырды Ресейге қарсы күштерді ұйымдастырушылар дейді.

Қазақ шежіресінің Абылайды тұтқыннан босатып алып келген Нияз батыр деген дерегін Ресей құжаттары да растайды. Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюев 1742 жылы күзде патшаға жазған хабарында бірнеше мәселені көтерген. «Абульмамбет хан... по много имевшемся секретным советом с бывшими при нем зюнгарскими посланцами и с некоторыми киргизскими старшинами, а наипаче с Нияз батыром, Давлет баем, да Шамратом, которое и напередь сего лежащих около Ташкента городов дань собирали, отправил ко одному зюнгарскому владельцу меньшего сына своего Абулфейза с помянутым старшиною Ниязом батыром, про которого сказывают, ято он паче всех его ханским духом владеет...»

Ендеше екі жыл бойы қалмақ тұтқынында болған Абылай сұлтанның аман-есен еліне қайтқаны, Нияз батырдың еңбегі...» деп жазылған.

М.Тынышбайұлының жазуы бойынша 1598 жылы Тәуекел хан Ташкентті бағындырады. Содан Ташкент 1798 жылға дейін қазақтардың қарамағында болған. Абылай Нияз батырдың ерлігіне риза болып, Ташкент қаласының билігін Ниязға берген. Кейін Нияз батыр қайтарғанда өмірінің соңғы жылдарын Арқада өткізбекші болып өзінің орнына Ташкент қаласын билеуге Әлдеберліні жібереді. Оны сарттар у беріп өлтіреді. Әлдеберлі қайтыс болғаннан кейін жасы ұлғайса да Нияз батыр Ташкенттің билігін тағы да өз қолына алуға мәжбүр болады. Бірақ  Нияз Арқадан оралып барғанша Ташкентте бұрынғы өзінің өзбек орынбасары таққа отырып қояды. Оның қақпа алдындағы күзетшілері бастапқыда Ниязды ішке кіргізбей көп әурелейді. Ақыры бұрынғы билеуші екеніне көздері жеткенде барып, ордаға кіргізеді. Ташкенттің билеушісі бұл жоқта датқа атанған өзбек орынбасары Нияз батырды көргенде есі шығып, сағынған адамдай өтірік құшақ жая ұмытылады. Осы кезде Нияздың қасына еріп барған Ниязбен бірге туысқан Мәңкеден туған Итқара батыр өзбектің қарнын пышақпен осып жібереді. «Нияз құшақтады, Итқара пышақтады» деген сөз содан қалған.

Нияз батырдан Әлдеберлі, Байназарғ Жаназар, Жұмай, Тоқсан, Рықпанғұл, Қарғұл туады. Барқыдан тараған рулардың ең өскен бұтағы Нияз батырдың тұқымы.

Нияз батыр туралы әдеби-этнографиялық «Өмір» журналының 1992 жылғы тұңғыш санында Нақып Ыдыросов пен Зарлық Сұлтанұлының «Нияз батыр» деген мақаласы басылған. 1993 жылы «Халық кеңесі» газетінде жазушы Амантай Сатаевтің «Тамыздың тоғыз күні немесе Нияз батыр» деген деректі хикаясынан үзінді газеттің (6 нөмірде) басылған.