СЕЙДІМБЕК Ақселеу
СЕЙДІМБЕК Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 12 желтоқсанда Жаңаарқа ауданы «Атасу» колхозында (кәзіргі Байдалы би атындағы ауыл) дүниеге келген. Әкесі Слан Отан соғысында қайтыс болған. Болашақ ғалым – жазушы әкесінің үлкен ағасы Аманбектің тәрбиесінде болған. 1959 жылы аудан орталығындағы 1 қазақ орта мектебін бітірген соң еңбек жолын «Қызылтау» совхозында шопан болудан бастаған. Сөйтіп үш жыл қой бағады да1962 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түседі. 1963 жылы міндетті әскер борышын өтеуге алып кетеді. Одан оралған соң ҚазМУ-дегі оқуын әрі жалғастырып, 1968 жылы бітіріп шығады да одан ары еңбек жолын жалғастырады. «Лениншіл жас» (Жас Алаш) әдеби қызметкер болып орналасады. Содан бастап-ақ әр түрлі жауапты қызметтер атқара бастайды. 1968 жылы «Лениншіл жастың» «Орталық Қазақстан» өңіріндегі меншікті тілшісі, 1975 жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» (Егеменді Қазақстан) газетінің бөлім меңгерушісі. 1983 «Білім және еңбек» (Зерде) журналының бас редакторы, 1988 жылы қазақша және орысша «Әлем» алманағының бас редакторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, одан Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының тұңғыш президенті, Астанадағы Гумилев атындағы университеттің ұстазы.
А.Сейдімбеков Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты (1989), Қазақстан Журналистер Одағының жүлдегері (1979). Отызға тарта көркем-әдеби, ғылыми-көпшілік қолды кітаптардың авторы. Солардың ішінде «Ақиық» (1972), «Қыр хикаялары» (1977), «Кеніш» (1979), «Тауға біткен жалбыз» (1979), «Алпамыс батыр» (1979) қазақ тілінде, 1981 жылы орыс тілінде, 1987 неміс тілінде, «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Серпер» (1982). «Поющие купола» (1985), «Всадник на белом коне» (1987), «Мың бір маржан» (1988), «Сонар» (1989), «Аққыз» (1991), «Күй шежіре» (1992), «Көшпелілер тарихы» (1992) т.б.
Жазушы-ғылым докторының көптеген шығармалары ағылшын, венгр, қарақалпақ, қырғыз, неміс, орыс, өзбек, шешен, эстон тілдеріне аударылған.
А.Сейдімбеков белгілі шебер аудармашы. Ақселеу туындатқан Гомердің «Илиада», «Одиссея» (1974, 1988), И.Можейконың «7 и 37 чудес» (1988) деген шығармаларын қазақ оқырмандары ана тілінде оқып, сусындады.
Ақселеу көпқырлы шығармашылық іскерлігін республика өміріндегі қоғамдық – саяси және ұйымдастырушылық әртүрлі жұмыстармен ұштастыра білген: Қазақстан Жазушылар Одағы секретариятының мүшесі, республикалық ономастикалық, терминологиялық комиссияның мүшесі. Тарихи – мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының президум мүшесі. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Астана-даусы», «Парасат» сияқты көпшілікке танымал басылымдардың редколлегия мүшесі.
Қазақтың дәстүрлі музыка мәдениеті жөніндегі теледидар арқылы берілетін циклды әңгімелері қазақ теледидарының алтын қорына алынған. Сонымен қоса оның шығармашылық тағы бір қыры – сазгерлігі.