ЖҰМАДІЛДИН Асан
ЖҰМАДІЛДИН Асан 1926 жылы Ақмола округі Асанқайғы ауданы 5 ауылында, сол кездегі аудан орталығында (Шаққан Ахмет қажының мешіті) туған. Баз мектебі атанатын орталау мектепті бітірген соң, аудан орталығындағы қазақ орта мектебінің 8 класын бітірген жылы соғыс басталады да жоғары кластар жабылып қалады. Содан Асан вольфрам кенін өндіретін Қызылтау руднигіне тас қазушы шахтер болып жұмысқа тұрады. Одан 1943 жылы Қараағаш ауыл советіне қарасты Ынталы орталау мектебіне мұғалім болып орналасады. Ұлы Отан соғысы біткен жылы аудандық оқу бөліміне қызметке ауысады. Тұңғыш «Жаңаарқа» деген өлеңі 1946 жылы «Советтік Қарағанды» газетіне басылады. 1948 жылы Қарағандыдағы мұғалімдер институтына түсіп оның тіл-әдебиет факультетін 1950 жылы айрықша дипломмен бітіреді. Сол жылы Жаңаарқа аудандық оқу бөліміне мектеп инспекторы болып орналасады. 1951 жылы Атасу колхозының Ақтүбек бөлімшесінен ашылған жеті жылдық мектептің тұңғыш директоры болады.
Облыстық газеттерде өлең, әңгіме, очерктері жиі жарияланып тұратын А.Жұмадильдинді облыстық «Советтік Қарағанды» газеті қызметке шақыртып алады. 1953 жылы тұңғыш ашылған Жаңаарқа стансасындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінде директор болады. 1960-1964ж.ж. «Жаңаарқа» газетінде бөлім меңгерушісі. Оқу бөліміне қайыра ауысып, мектеп инспекторы болып 1973 жылға дейін істеген. 1973 жылы аудандық партия комитетінің шешімімен «Жаңаарқа» газетінің редакциясына қызметке ауысып бөлім мейгерушісі, редакторының орынбасары болып істеген.
1975 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесі. Медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Әдеби – этнографиялық «Өмір» журналының бас редакторы.
Туындылары республикалық «Жұлдыз», «Жалын»(бұл журналдың тұңғыш санына А.Жұмаділдиннің «Аласапыран» деген деректі повесі, одан кейін «Сөнбеген шала» деген повесі басылған). «Қазақстан әйелдері», «Халық мұғалімі» журналдарына, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне басылып тұрған. Совет милициясы жайлы шығармалар бойынша тұңғыш жарияланған республикалық әдеби конкурста «Тергеу аяқталған жоқ» атты повесі екінші бәйгі алды.
А.Жұмадильдиннің жүзге жуық әңгімелері, екі жүзге тарта очерктері, отыздан астам сын-рецензиялары газет-журналдарда жарық көрген.
Шығармалары: «Келіншек». Повесть. Алматы. «Жазушы», 1968; «Сең бұзылғанда». Повесть, әңгімелер. Алм. «Жазушы», 1972; «Қайырлы сапар». Повесть, Алм. «Жазушы», 1977; «Жұмысшы әулеті». Повесть. Алм. «Жазушы» 1981; «Құт құбыры». Деректі повесть пен әңгімелер. Алм. «Жалын», 1982; «Байдалы би», Деректі хикая. Алм. «Кенже-Пресс-Медия» баспасы, 1999ж.; «Жанжал», «Толқында», «Тышқаннан қорқатын мысық», «Бас инженер», «Шаққан қажы» 2002 жылы «Инемен қазған құдық» деген повесть-хикаялары, «Біз келгенше», «Белестер бедері» деген романдары бар.
Кітаптары:
1. Асан Жұмаділдин, Байдалы би. Кенже – Пресс – Алматы, 1999.
3. Жұмаділдин Асан. Жаңаарқа. Дерекнама. – Алматы: Кенже – Пресс – Медиа,2003. – 521 бет.
4. Асан Жұмаділдин, Құт құбыры [Деректі повестер мен әңгімелер] Алматы «Жалын», 1982.
5. Жұмаділдин Асан. Жұмысшылар әулеті: Повесть. - Алматы: Жазушы, – 1981 – 184 бет.
6. Жұмаділдин Асан. Келіншек. (Повесть). Алматы, «Жазушы», 1968. 72 бет
7. Жұмаділдин Асан. Қайырлы сапар. Повесть. Алматы, «Жазушы». 1977.
8. Өмір. Әдеби – этнографиялық журнал. Жаңаарқа – 2000
9. "Өмір" - әдеби-этнографиялық журнал. Жаңаарқа – 2002. – №6
10. Өмір. Әдеби – этнографиялық журналы №1 – 1992 . Жаңаарқа
11. Өмір. Әдеби – этнографиялық журнал №2 – 1993. Жаңаарқа