«Бал тілді, бала мінезді ақын»
22.07.2022
С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханада Б. Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ балалар әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен келген, бар ғұмырын бөбектер бақытын жырлауға арнаған аяулы жерлес ақын Жақан Смақовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Бал тілді, бала мінезді ақын» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Балалар әдебиетін өмірлік еншім деп ұққан әйгілі балалар ақыны қамшының сабындай қысқа ғұмырында артынан мол мұра қалдырды. Кездесу кешіне Алматыдан арнайы ақынның қызы Манат Жақанқызы мен туыстары келді. Аудандық мәслихат хатшысы Өмірзақ Бекмұратұлы алыстан ат арытып келген қонақтарға алғысын білдере отырып, жерлес ақынның өміршең өлеңдері мен шығармашылығы жайлы сөз қозғады. Ақын ғұмырына терең ой жүгіртіп, бала мінезді таланттың балаларға арнап жазған тақпақ, мазақтама, ертегі, санамақ сынды алуан түрлі жанрдағы шығармаларын бүгінде барша қазақстандық бүлдіршіндер жатқа біледі десек қателеспегеніміз болар. Сәби тіліне, былдырлыған үніне өлең жазған Ж.Смақовтың өлеңдері мен мазақтамаларын «Балдырған» балабақшасының бүлдіршіндері жатқа оқыды. Ақынның қызы Манат Жақанқызы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Ақынның 90 жылдық мерейтойы «Балалар жылы» мен тұспа-түс келгені өте қуантарлық жай екенін айтып өтті. Кездесу кешіне келген балалармен ойын ұйымдастырып, белсене қатысқан бүлдіршіндерге ақынның «Бала Балпаң және оның саусақтары» атты кітабын сыйға тартты. Жақан өлеңдері балалар поэзиясының өрісін анықтаған өрелі өлеңдер. Ақынның мерейтойын алғашқылардың бірі болып ұйымдастырған Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының басшысы Баян Қуанышқызы бүгінгі іс-шараның маңыздылығы жайлы сөз етті. Шығармаларында ойды сәби санаға сіңіре, өте қарапайым өлеңдері қазақ балалар әдебиетінің асыл үлгісі іспетті екенін айтып өтті. Жақанның жақын туыстары Ғазиз Оспанов ақын ағасы жайлы керемет естелік әңгімелерін айтып берді. Ақын ағасының Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлімбаев сынды ақындармен замандас Мұқағали Мақатаев пен жақын жолдас, сырлас болғанын, белгілі балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбаев пен Ермек Өтетілеуовтер мен ұзақ жылдар қызметтес болған. Жақан адамгершілігі биік парасаты жан еді, -деп сөзін әрі қарай жалғастырды Ғазиз ағамыз. Жоғарыда айтқандай Жақан әдебиет пен өнер адамдарының көпшілігімен ете араласқанын тілге тиек етті. Қараағаш ауылдық округі Ынталы ЖООБ мектептің директоры Гүлжамал Қалкенқызы мектеп атын Ж.Смақов атын беру жұмыстары жайлы, осы игі іс шара барысында атқарылып жатқан еңбектер жайлы айтып өтті. Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айғаным Нәсіпжанқызы және аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерболат Берікұлы Жақан атамыздың шығармашылығы жайлы сыр шертіп, тарих қойнауына кеткен хикаяларын баян етті. Кеш соңында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Зәмзәгүл Сағатқызы келген қонақтарға алғысын білдірді. С.Сейфуллин атындағы ОКЖ директорының міндетін атқарушы Гүлмайра Ағлақызы кездесу кешінің қонағы Манат Жақанқызына сый-сыйпат жасап, үлкен құрмет көрсетті. Кеш соңы аудандық мәдени сауық орталығыны әншілері Айгерім Аманжанқызы «Жаңаарқа валісі» әнімен шашу шашып, «Ұзақбаетвар» дуеті «Туған ел» әні кештің шымылдығын жапты..