«Бейбітшілік – ел мекені»

30.04.2025

      30 сәуір күні Ш.Ералиев ауылының Мәдениет үйінде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Бейбітшілік – ел мекені» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауылдық кітапханада «Татулық – бірлік тұтқасы» атты кітап көрмесі құрылып, библиографиялық шолу жасалды. Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Кеш барысында ауыл ақсақалдары – М.Әзбаев пен Б.Бахтияров, мектеп директоры Д.Ғалымұлы және ауыл әкімі міндетін атқарушы Қ.Қыдыров жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Ауылдың көркемөнерпаздары әсем әндерден шашу шашып, «Еркем-ай» би тобының қыздары мың бұрала би биледі. «Көңіл ашар» үйірмесінің жас күйшіcі Жақсылық Бүркіттің орындауындағы «Адай» күйі тыңдаушылардың көңілінен шықты. Шарада әртүрлі ұлт тілінде мерекелік құттықтаулар айтылып, ұлттық билер орындалды. Бұл көріністер ел ішіндегі татулық пен достықтың жарқын көрінісіне айналды. Кеш соңында келген қонақтар ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Мақсаты:Халықтар арасындағы достықты нығайту, оқырмандардың ынтымақ пен бірлікке негізделген қарым-қатынасын қалыптастыру және Қазақстанның гүлденуіне достық арқылы өз үлестерін қосуға баулу.