«Ел есіндегі Есім»

19.05.2022

«Ел есіндегі Есім»

Жаңарқаның жазушысы, жүрегінен жыр төгіліп, тілінен маржан тамған Асан Жұмаділдин ардақтап еске алатын азаматтар қатарында. Ұлы тұлғаның туған жерге сіңірген еңбегін дәріптеу мақсатында 19 мамыр күні С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ақпараттық – библиографиялық бөлім кызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ел есіндегі Есім» атты әдеби – сазды кеш өтті. Оған қоса, шара жерлесіміз, қаламгер, жазушы, дерекнамашы Асан Жұмаділдиннің туғанына биыл 95 жыл толуына орайластырылған.
Кітапханамыздың оқу залында ұйымдастырылған шараға жазушының ұрпақтары Сәндігүл Ыдирисова мен Назгүл Жұмаділдина да арнайы шақырылды. 
Әдеби – сазды кештің шымылдығын Асан Жұмаділдиннің сөзіне жазылған «Баяғының жігіті» атты тамаша жыр шумақтарымен ашылды. Мәдениет үйінің қызметкері Ұлмағанбетов Теміржан әнді құйқылжыта орындап, тыңдармандарын бір серпілтіп тастады. Құлақтың құрышын қандырған тамаша туындыдан соң дәл осындай тамаша әндердің дүниеге келуіне ықпал еткен азаматтың өмірін терең тарқату мақсатында кітапханашы Берлібаева Арайлым жазушының жеке өміріне тоқталып, жазушы Асан Жұмаділдинге арналған «Ел есіндегі Есім» атты құрмет көрмесімен таныстырып  өтті. Көрермен қонақтарға қаламгердің жас кезі, отбасымен түскен фотолары, жетістіктері топтастырылған бейнебаян көрсетілді. Сөз арасында кеш қонақтары да өздерінің ыстық ықыластарымен бөлісіп, отбасылық құндылықтар, асқар тау әкелері туралы сыр шертіп, оқушыларға тағылымды ой салды. Әкенің өмірдегі рөлі. Оның бала тәрбиесіндегі ықпалы. Бала мен ата – ана арасындағы сыйластық, қарым – қатынас, тәлім – тәрбиенің тамаша үлгісі өскелең ұрпаққа ерекше әсер еткені сөзсіз. 
Айта кетейік, Асан Жұмаділдин көбіне туған жері, ауыл өмірі туралы қалам тербеп, өз шығармасына арқау еткен. Жаңарқа өңірінің көркем шежіресін жазуға ат салысқан жанның бойында білім ошағы маздап жанып, тарихтан терең хабары болғандығын айқындайды. Жастайынан өлең жазуға құмарлығы, елге деген ерекше құрметінің арқасында жүзге жуық әңгіме жазып, екі жүзге тарта очек қалдырып, отыздан аса сын – рецензиясы түрлі баспалардан жарық көрген. Кітап болып оқырманына жол тартқан туындылары да жетіп артылады. Журналистика саласында да тер төгіп, от тілді, орақ ауыздылығын айқын байқатқан жан расымен де текті туғандығын аңғартады.
Жерлесіміздің жоғарыдағы қасиеттерін жан – жақты дәріптей отыра, тамаша әдеби – сазды кештің куәсі болдық. Осылайша, әсерлі кездесу өз мәресіне жетіп, соңғы түйінін ақпараттық – библиографиялық бөлім меңгерушісі Оралбаева Ақбөпе түйіндеп, келген қонақтарға алғысын жаудырып, оқушыларға ұлы тұлғадан үлгі алуға шақырды. Бойына сан өнерді топтастырып, саналы ғұмырын туған жерді дәріптеуге ат салысқан жанды өскелең ұрпаққа кеңінен таныстыру арқылы ұлтжанды ұландар қалыптастыратынымыз сөзсіз. 
#жазушы
#асанжұмаділдин
#өлкетанушы