«Еңбегі ерен, асыл Көкен апа»
07.05.2022
7 мамыр күні Талдыбұлақ ауылының кітапханаcында кітапхана саласының дамуында айшықты ізі қалған аналары, Құрметті кітапханашы, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері Ахметова Көкен Заданқызына балалары Зәуреш, Болат, Мұрат, Бақыт Тұтқабековтер ауылдық кітапхананың қабырғасына ескерткіш тақта қойып, кітапханашылардың ұйымдастыруымен ардагер-кітапханашыға арналған «Еңбегі ерен, асыл ана» атты еске алу кеші өткізілді. Іс-шараға ауыл тұрғындары, Көкен Заданқызының бауырлары мен балалары, туған-туыстары, жерлестері және аудандық кітапхана ардагерлері Гауһар Жарылғапова, Ұмсын Алшынбекова, Ләззәт Әбсаматова, Мағиза Мақышевалар қатысты.
Іс-шарада Көкен Заданқызының сіңілісі Зекен апай, қайын інісі Мылтықбай аға, абысыны Орынбасар Төлегенова, ауылдың құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбүйірхан Төлеуов, қатар жүрген замандасы Рысбала Шубаева, жерлес әнші Қорабай Есенов, ҚР-ның Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениеттерді жақындастыру орталығының» Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Дәуренбек Ескекбаев Көкен апай туралы естеліктер айтты. Сонымен қатар, сөз кезегін алған 1997-2011 жылдары ОКЖ директоры болған кітапхана ардагері Жарылғапова Гауһар Балтабайқызы өзінің өнегелі ғұмырында кітапханашы мамандығына адалдықты, сүйіспеншілікті ізін басқан жастарға үлгі қылып көрсете білген Көкен апайдың өлшеусіз еңбегі және сол жылдардағы кітапханашы мамандығының қызығы мен қиындығы туралы айтып өтті. Ал Жаңаарқа ауданының мәдени-сауық орталығының қызметкері, дәстүрлі әнші Балтабай Қызыров арнау өлеңді әнге қосып орындады.
Көкен анамыз 1965 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан 1989 жылға дейін осы Талдыбұлақ ауылында кітапханашы болып, жаңа кітаптарды халыққа насихаттауда көп еңбек етті. Талдыбұлақ ауылдық кітапханасында жұмыс істеп, жас ұрпақтың сапалы білім алуы мен саналы ғұмыр кешуіне атсалысты. Мамандығын құрмет тұтатын кітапханашы өз әріптестері алдында зор беделге ие болып, үнемі өзінің өмірлік, іскерлік іс-тәжірибесімен бөлісіп отырды.
Шара барысында К.Ахметованың өмірі мен атқарған қызметіне арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ұсынылды. Бүгінгідей жаңа технологияның, әлеуметтік желілердің заманында кітап оқыта білу – кітапханашының басты міндеті. Осы тұрғыда Көкен сынды аналарымыздың еңбегі бүгінгі кітапханашыларға үлгі-өнеге.