«Қасиетті мекен – Қараағаш»

12.06.2025
12 маусым күні Қараағаш ауылдық үлгілі кітапханасында Қараағаш ауылының 95 жылдығы және белгілі тұлға Сайлаухан Нәкеновтің туғанына 85 жыл толуына орай «Қасиетті мекен – Қараағаш» атты мерекелік кеш өткізілді.
Іс-шараны ұйымдастыруға Жаңаарқа аудандық Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары, С.Сейфуллин атындағы өлкетану музейі, Ынталы ЖББ мектебі, Қараағаш ауылдық мәдениет үйі бірлесе атсалысты. Кештің шымылдығын Қараағаш ауылының әкімі Д.Ерғалиұлы ашып, ауыл тарихына қатысты жүрекжарды лебізін білдірді. Шара барысында өнер мектебінің жетекшісі Алмагүл Қаратаева мен оқушылары әсем әндерін орындап, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жаңаарқа аудандық орталық кітапханалар жүйесі КММ-нің кітапханаларды дамыту және әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Г.М.Ағлақызы сөз сөйлеп, Жаңаарқа ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Ғ.Көпбосыновтың атынан Мәдениет үйіне, мектеп ұжымына және кітапханашыларға Алғыс хаттар табыстады.
Кеш қонақтарының қатарында ауданнан арнайы келген өнер иесі Балтабай Қызыров пен ауыл тұрғыны Мұзафар Мұқашев күй шертіп, ән орындады.
Өлкетанушы, «Қасиетті мекен – Қараағаш» кітабының авторларының бірі Сайлау Балташев және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Болат Асанов ауыл тарихынан сыр шертіп, жүрекке әсерлі естеліктерімен бөлісіп, өз шығармаларынан өлеңдер оқыды.
С.Сейфуллин атындағы өлкетану музейі де бұл шараға арнайы жәдігерлерін алып келіп, кітапханашылардың ұйымдастыруымен «Жыр арқауы – Сайлаухан Нәкенов» атты көрме таныстырылды.
Кеш соңында Әсем Уахитқызы «Ұлы менің Атамекенім» әнін орындап, кешке салтанатты нүкте қойды.
Іс-шара соңынан қатысушылар Ынталы ЖББ мектебінде жаңадан ашылған шағын музейге ат басын бұрып, оны мектептің тарих пәні мұғалімі А.Сайлауұлы таныстырып өтті.