Қауіпсіздік батырлары
22.11.2022
Қауіпсіздік батырлары
Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығын басты назарда ұстайтын, төтенше орын алған жағдайда жар құлағы жастыққа тимей қызмет атқарып, қырағылығымен көзге түсетін құтқарушылар нағыз ерен еңбек иелері. Олардың басты міндеті — халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, келеңсіз жағдайға жол бермеу. Дегенмен, апат айтып келмейді. Тосыннан орын алған төтенше жағдай кезінде азаматтарға көмекке бірінші болып ұмтылатын жандар ол – құтқарушылар. Аталмыш сала қызметкерлерінің жауапкершілігі өте жоғары. Бұл қызметте еңбек ету кез – келген адамның қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Біздің өңірімізде де тіс қаққан мамандар қатары жетіп артылады. Табиғи және техногенді апаттарда абдырап қалмай, әр кез тығырықтан жол таба білетін, жеке басын қатергі тіге отыра, жемісті еңбек етіп, ержүрек ерлігімен көзге түсіп жүрген жандардың бірі - ҚР ТЖМ Қарағанды облысы ТЖД Жаңаарқа ауданы ТЖБ бастығы Қазбеков Арман Қазбекұлы. Апталдай азамматтың ауданымызға сіңіріп жүрген еңбегі зор. Төтенше жағдайдың тыныс – тіршілігімен етене таныс жанмен келесі сұхбат ұйымдастырып, қызметтің қыр - сырын ер жүректі азаматтың өз ауызынан естуді жөн деп таптық.
Келелі кездесуде түрлі мәселелер талқыланып, құтқарушы мамандығында кездесетін қиындықтар да сөз етілді. Құтқарушылардың күн тәртібі, олардың атқаратын қызметі, алдарына қойылған міндеттер айқындалып, жан – жақты түсіндірілді.
«Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді, дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу, яғни біздің әр күніміз қауіпке толы», - дейді Арман Қазбекұлы. Әрине, халықтың тұтастығын қам қылып, денсаулықтарына қатер төндірмеуді, қауіптің алдын алу, жедел әрекет ету оңай жұмыс емес екенін біз де жақсы түсінеміз. Осы орайда, құтқарушылардың расымен қажырлы еңбегін қаперге алып, алғыс білдіргіміз келеді. ТЖБ басшысы Арман Қазбекұлына толағай табыстар тілеп, жастарға өзінің жеке басымен үлгі болып, өнегелі өмірімен өңірге сый – құрметі арта берсін дегіміз келеді. Төтенше жағдайлар туралы дабылдың үні аз болып, ел іргесінде үнемі тыныштық болсын.
Сүбелі сұхбаттан сөз соңын қорытындылай келе, өлім мен өмір арасында жеке бастарын қатерге тігіп жүрген төтенше жағдай қызметкерлері расымен қандай мақтауға болсын лайық екендігін айтқым келеді. Ал, өз кезегінде ауданның әр тұрғыны қауіпсіздік шараларын сақтау барысын ұмыт қалдырмай, ережелерге мән бергені дұрыс. Сақтансаң – сақтайды.
#құтқарушы#төтеншежағдай