«Қазақстан – достық мекені»

29.04.2025

29 сәуір күні Қараағаш ауылдық үлгілі кітапханасында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының ынтымағы мен бірлігі күніне орай «Қазақстан – достық мекені» атты тағылымды кездесу кеші өткізілді. Шараның қадірлі қонағы – ауылымыздың ақ жаулықты әжесі, өзге ұлт өкілі Рузелия апай болды. Башқұртстан Республикасынан келген Рузелия апай сонау жылдары Қазақстанға қоныс аударып, қазақ азаматына тұрмысқа шығып, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған аяулы әже, ардақты ана. Оның өмір жолы – достық пен татулықтың жарқын үлгісі. Кешке Ынталы жалпы білім беретін мектебінің 5 және 7-сынып оқушылары қатысты. Оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айару мен Фариза «Өзбек биін» билесе, Інжу, Назым, Ділдана және Раяна қазақ биін нақышына келтіре орындады. Балым мен Інжу әсем әндерден шашу шашты. Қонағымыз Рузелия апай оқушылардың өнеріне ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін арнады. Кеш барысында Рузелия апайдың немересі Ақниет те өз өнерін көрсетіп, домбырамен ән салып берді. Шараны кітапханашы Имантусупова Жаңагүл жүргізіп, «Бірлігіміз жарасқан» атты кітап сөресімен таныстырып, оқушыларды тақырыпқа сай әдебиеттермен таныстырды. Мақсаты:Оқушыларға бауырмалдылық, достық пен татулықтың мәнін ұғындыру, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет пен сыйластықты арттыру.