Менің өлкемнің мәдени дәстүрлері.

03.06.2022

«Сәкентану» өлкетану клубының жетекшісі Қабденова Замзагүл және клуб мүшелерінің  ұйымдастыруымен  С.Сейфуллин атындағы өлкетану мұражайында дөңгелек үстел өткізілді.          

Өткізілген іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның журналистер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Сәкентанушы, Серік Оспанов және Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің оқушылары мен мұражай қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, ауданымыздың мәдениет саласының өнерпазы Айман Айтжанова, келіп, қатысушыларға шертпе қобыз, жетіген аспаптарының шығу тарихы, оның ерекшеліктері жайында әңгімелеп берді. Өз кезегінде Серік Кәрібайұлы да қазағымыздың төл мәдениеті жөнінде қызықты мәліметтер айтып, қазақтың ұлттық музыкалық үрмелі және шертпе аспаптары турасында кеңінен түсіндіріп өтті. Жәнібек Кәрменовтың "Жаңаарқа" әнін нақышына келтіре орындап, қатысушыларды бір серпілтті. Сондай-ақ, ауданымыздың білім саласында 40 жылдық ұстаздық жолы бар Дәріжан Өксікбайқызы да екі немересімен кеш қонағы болды. Ардагер ұстаз халқымыздың төл мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің құндылықтары жөнінде сөз қозғады. Оқушыларға өзінің аналық жылы лебізін білдіріп, немерелері Інжу мен Іңкәр қонақтарға сый ретінде "Ризамын" әнін шырқады.  Кеш соңында мұражай директоры Ербол Шубаев мұражайда сақтаулы музыкалық аспаптармен таныстырды.

Өскелең ұрпаққа халқымыздың ұлттық музыкалық аспаптарын таныстыру - тарихты таныстыру болып табылады. Бұл жиын мақсаты музыкалық аспаптар арқылы оқушыларға салт-дәстүрімізді сіңіру болды. Мәдениет саласында тыңбай еңбек етіп жүрген кештің ерекше қонақтары арқылы, тәлім-тәрбиеге толы тұщымды әңгімелер арқылы бұл мақсат орындалды  деген сенімдеміз.