«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі

12.10.2021

12-14 қазан аралығында Көкшетау қаласында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы дәстүрлі «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруін өткізді.

Аталған шараға қатысу үшін барған ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Б.Қ.Оспанова, директордың ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Н.А.Искалиева, Ғылыми-әдістемелік қызметінің жетекшісі Г.А.Маханбетовалар М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жұмысымен танысып, әріптестерге әдістемелік көмек көрсетті.

Республикамыздың әр облысынан аудандық және ауылдық кітапханалардың директорлары мен кітапханашылары қатысты. С.Сейфуллин атындағы ОКЖ КММ директоры м.а. Г.А.Жақыпова және электронды қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Г.Б.Аманбаева 3 күндік өнер шеруі аясында кітапханалық шеберлік сыныптарынан дәріс алып, сертификатқа ие болды.

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Мырзабек Құдайберлі Рахымбекұлынан кітапхана қорына кітаптар сыйға берілді.

12 қазан күні ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Искалиева Нурия Аманғалиқызы «Қазақстан Республикасы кітапханаларында Web-РАБИС бағдарламасын енгізу: жетістіктер мен даму болашағы» тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізді.

13 қазан күні ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы «Қазақстандық Кітапханалық Одақ қызметі және Қазақстан кітапханаларының дамуы», «ҚР Ұлттық кітапханасы – республика кітапханалары мамандарының біліктілігін арттыратын білім алаңы»; ғылыми-әдістемелік қызметінің жетекшісі Маханбетова Гүлмира Абылайханқызы «Қазақстан Республикасының кітапхана қызметін нормативтік-құқықтық реттеу» тақырыптарында шеберлік сағаттарын өткізді.

14 қазанда Көкшетау қаласында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанындағы республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы ұйымдастырған «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі өз мәресіне жетті.

Шараның ашылу салтанатына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрайымы Иманқұлова Светлана Кеңесқызы қатысты. С.К.Иманқұлова әлеуметтік әріптестікті жақсарту, экономиялық саясатты нығайту, халықты тиімді жұмыспен қамту, лайықты еңбек жағдайлары мен қалыпты жалақыны қалыптастыру, еңбек адамдарының құқығын қорғау, еңбек дауларын шешу және т.б. мәселелерге тоқталып, бірқатар облыстық кітапхана мамандарын төсбелгімен және алғыс хаттармен марапаттады.