«Шуақты күндер»

06.05.2025

6 мамыр күні Қараағаш ауылдық үлгілі кітапханасында «Бір өлке – бір кітап» облыстық акциясы аясында таңдалып алынған, талантты жерлес ақын Сайлаухан Нәкеновтің 85 жылдығына орай «Шуақты күндер» тақырыбында әңгіме сағаты өткізілді. Атаулы шараға ауылымыздың ақыны, «Шырайлы шырақ», «Ең әдемі құс қайсы?» кітаптарының авторы Болат Асанов, Ынталы ЖББ мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, жас ақын Марғұлан Көпжасаров, Сайлаухан Нәкеновтің туған жиені Ерлан Омаров және мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында ақынның шығармашылығына арналған кітап сөресі ұйымдастырылып, таныстырылды. Қатысушылар ақын туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Болат ағай өзі білім алған кезінде ұстазы болған Сайлаухан Нәкеновтің ақын болып қалыптасуына үлкен әсер еткенін ерекше ықыласпен атап өтті. Марғұлан мұғалім көзі тірісінде Сайлаухан ағамызға өз өлеңін көрсетіп, ақын ағасының оны шимайлап, түзеткен сәттерін тебірене еске алды. Жиені Ерлан Омаров нағашысы жайлы жылы естеліктер айтып, «Мысты өңір» газетінде жарық көрген мақалаларды кітапхана қорына тарту етті. Іс-шара соңында оқушылар ақын жайлы сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жаны өлеңге жақын мектеп оқушысы Қылыш Кәусар ақынның «Туған жер» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді. Мақсаты: Оқырмандарды жерлес ұстаз, талантты ақын Сайлаухан Нәкеновтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, жас ұрпаққа әдеби мұраны насихаттау.