«Таланттыларды іздейміз»
23.12.2022
Өнер жалпыға ортақ, жүректі тебірентіп, шығармашылықты шыңдап, бір серпілтіп тастайды. Жас буын өкілдерінің дарынын ашып, таланттарын дамыту аса үлкен қажеттілік. Осы мақсатта «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Ақпараттық библиографиялық бөлім, «Сәкентану» атты өлкетану клубы «Таланттыларды іздейміз» атты ерекше іс – шараны ұйымдастыруды жөн көрді. 7, 8 сыныптардың қатысуымен өткен әдеби қойылымдар сайысы тарихқа терең бойлауға, өңіріміздің танымал тұлғаларын дәріптеуге, әннен маржан шашып, күй күмбірлетіп, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына сіңіруге бағытталған.
Жалпы, сайыс төрт бөлімнен құралған. Алғашқысы «Сәлем сөздің анасы» деп, таныстыру бөліміне арналса, екінші бөлім «Көркем сөз шебері» байқауы. Бұл жерде қатысушылар көркем шығармадан, драмадан үзінді немесе кез – келген танымал ақынның өлеңін мәнерлеп оқуына болады. Ал, келесі үшінші бөлім: «Сөз мәнері» деген атауға ие. Біздің сайыстың басты мақсаты балалардың бойында жасырынып жүрген таланттарды жан – жақты ашу болса, дәл осы кезең олардың актерлік шеберлігін көрсетуге, арнайы бағдарлама негізінде өздерін жүргізуші ретінде байқап көрулеріне, іс – шараны жоспарлап, оны жүзеге асыру, сөз саптауы, дауыс ырғағы, мәнерін мәнге келтіріп, мәйегіне жеткізіп, сөз мағынасын терең түсінуіне негіз болды. Қатысушылар өздеріне берілген түрлі сценарий нұсқаларын басшылыққа алып, салтанатты шара, корпоративтік кештер, той – бағдарлама және мәнерлеп оқулар бойынша сынға түсті. Төртінші, ақтық сәт: «Сахналық көріністер сайысы» деп аталады. Әр адам өзінің жүрек қалауы, бейімі мен бағытын таңдай отыра, кез – келген тақырыпта сахналық қойылымды ұйымдастырды. Ең басты шарт, оның тақырыпқа сай болуы, идеясының рухани тереңдігі, үйлесімділігі, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті, киім үлгісі, регламентке сай болуы басшылыққа алынды.
Айта кетейік, дарындарын көпшілікке паш етуге, өз өнерлерін ортаға салуға Е.Шаханов атындағы тірек мектебінен, «Жаңашыл жастар» тобы, О.Жұмабеков атындағы тірек мектебінен «Өнер ұландары», С.Сейфуллин атындағы ЖОББ тірек мектебінен «Жалынды Жастар» командасы, А. Сейдімбек атындағы тірек мектебінен «Бірлік» тобы арнайы келіп, өз ара бақ сынасты.
Қатысушыларға әділ төрелігін көрсетіп, шынайы бағаларын берген әділқазылар алқасы құрамында «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Ускенбаева Шынар Түлкібайқызы, дәстүрлі әнші, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Сыздықов Жалын Айтбекұлы, «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Ақпараттық – библиографиялық бөлім меңгерушісі Оралбаева Ақбөпе Картайқызы, «Сәкентану» өлкетану клубының жетекшісі Қабденова Зәмзәгүл Құрақбайқызы қатысушыларға шын төрелігін көрсетті.
Қызықты да тартымды сайыста қатысушылар өз өнерлерін барынша ортаға салды. Әсіресе, белгілі этнограф-жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, арқаның алтын сандығы, жерлес қаламгер Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің шығармашылығы кеңінен дәріптеліп, жас буын өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Әрине, өскелең ұрпақтың әдебиетке жақындығы, сахнаға бейімделуі, өздерін еркін ұстауы көңіл көншіткені рас. Бірінен – бірі өткен талантты балаларға қарап, болашақтың жарқын боларына толық сеніммен қарауға болады.
Өз кезегінде әдеби – сазды кештің көркін қыздырып, қатысушыларға дем берген, көрерменнің көзайымына айналып, өз өнерлерін ортаға салған өнерпаздардың бой көрсеткендерін де айта кеткеніміз жөн. Мәселен, Мүңкебаева Іңкәр «Ерке сылқым» күйін орындап қос ішекті домбыраға жан бітірсе, Молдабаева Адияның Ұйғыр биімен мың бұрала билеп, сонымен қатар «Қазақстан», «Ертегілер» әнімен қатысушыларды да, көрермендерді де бір серпілтіп тастады.
Сайыс нәтижесін қортындылау үшін дәстүрлі әнші, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Сыздықов Жалын Айтбекұлы сөз алып, өзінің жүрек жарды лебізін білдірсе, ОКЖ директоры Ускенбаева Шынар Түлкібайқызы жеңімпаздарды марапаттау үшін сахна төріне көтерілді. Осылайша, «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Ақпараттық библиографиялық бөлім «Сәкентану» атта өлкетану клубының ұйымдастыруымен «Таланттыларды іздейміз» жаңа буын арасында, әдеби қойылымдар сайысында Е.Шаханов атындағы тірек мектебі бас жүлде иеленсе, І орын О.Жұмабеков атындағы тірек мектебіне бұйырды, ал ІІ орында А. Сейдімбек мектебінің оқушылары көрінді, ІІІ орынды Сәкен Сейфуллин атындағы ЖОББ тірек мектебі иеленді. Өз кезегінде оқушылардың айы оңанан тусын деп, бар білгендерін үйретіп, кең сахнаға дайындап, өз шеберліктерін шәкірттерінің бойына дарытуға талпынған ұстаздар да назардан тыс қалмай арнайы «Алғыс хаттарға» ие болды. Сонымен қатар, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ" қоғамдық бірлестігі Ұлытау облысының Жаңаарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Түсіпов Амангелді Бақышұлының демушілігімен арнайы сыйлықтар табысталды.
Додалы сайыс осылайша өз мәресіне жетіп, шын таланттардың одан әрі бағын ашуға мүмкіндік беріп, өздеріне деген сенімдіктерін арттыруға себеп болды. Дарынды жастар ел болашағы, өнер сүйер шәкірттеріміз көп болсын!