«Заманауи медиа кеңістіктегі кітапхана» семинар - тренингі

24.11.2022

23 – 24 қараша күндері С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша аудан және ауыл кітапханашыларына арналған «Заманауи медиа кеңістіктегі кітапхана (кітапхана сайты)» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Семинар – тренинг екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде электронды қызмет көрсету бөлімі кітапхана сайтына, кітапханалардың әлеуметтік желілеріне шолу жасап, кітапхана сайтына оқырмандарды тіркеу, «Библиографтан сұраңыз» виртуалды анықтамалық жүйесі, құжатты электронды жеткізу, Кітап мерзімін онлайн ұзарту қызметтерін пайдалану, кітапхана жұмысын әлеуметтік желі арқылы дамыту бойынша кеңестер берді. Беттерді визуалды безендіруде, онлайн жүйесінде презентациялар, буклеттер, визиткалар, сертификаттар және т.б. құруда «Canva» сервисін пайдалану үйретілді. Электронды қызмет көрсету бөлімі және ақпараттық-библиографиялық бөлім бірлесе, «Библиографтан сұраңыз» виртуалды анықтамалық жүйесінде анықтамаларды орындауды ойын арқылы түсіндіріп өткізді. Бірінші бөлім соңында практикалық жұмыстар жасалды.

Семинардың екінші бөлімінде әдістемелік бөлімі 2023 жылға жылдық жоспар құрылуы, 2022 жылдың жылдық ақпарат есептері бойынша ұсыныстарын, түсініктеме жұмыстарын, дайындық барысын талқылады. Сондай-ақ жылдық есептің кестелері таратылды.

Кітап өңдеу және толықтыру бөлімі шығыстан шығарылатын құжаттармен атқарылатын жұмыс барысы бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.

Ақпараттық-библиографиялық бөлімі ауыл кітапханаларына 2023 жылға атаулы күндер мен мерейтойлар күнтізбесін таратып, жылдық жоспар мен есептегі статистикасын талқылады.

Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасы «Балалар жылы» аясында атқарылған жұмыстарды қортындылау және 2023 жылында атқарылатын ауқымды шаралар бойынша жұмыстар айтылды. Жалпы кітапхана көрсеткіші мен балалар есебі көрсеткіші кестесін толтыру барысы түсіндірілді.