Ағыбай батыр
Ағыбай батыр (1802-1885) – руы Шұбыртпалы, Ресей отаршылдығына қарсы күрестің қаһарманы, Кенесары ханның бас батыры. Кенесары көтерілісінің басынан аяғына дейін қатысқан. 1826-47 жж. Қарқаралы, Ақмола бекіністерін, Жаңаарқа жеріндегі Ақтау бекінісін (1838) шабуылдауды, Симановтың, Рытовтың әскери топтарын құртып жіберуді ұйымдастырған. Ырғыз, Тобыл өзендерінің бойындағы, Қызылжар, Көкшетау маңындағы шайқастарда орыс әскерін ойсырата жеңген ұрыстарды басқарған. Кенесары қаза болғаннан кейін орыс әскеріне қарсы Сыздық төренің қолы құрамында күрес жүргізген. 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. Дүниеден қайтқан соң, Ресей патшалығы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шекарасы Тайатқан-Шұнақ деген жерде жерленген. Көптеген қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына қоса жаңаарқалық ақын Хамит Жаманов Ағыбай батыр туралы дастан жазды.