Амантай батыр
Амантай батыр. Руы Тама. Кеңес одағының батыры Амантай Дәулетбеков Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында 1917 жылы туған. Әскер қатарына 1939 жылы шықырылып, әскери қызметін Шығыста бастайды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін Амантай 1942 жылдың жазында көп солдаттармен қоса Брянск майданына жіберілді. Ол 13 – Армияға қарасты танктерді ататын 1180-полктың артиллериялық тобының командирі болады. Ол өзінің жауға қарсы алғашқы шайқасын сол 1942 жылғы жазда Орел облысындағы байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде бастайды. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағытында шабуылға шыққан болатын. Ливны және Касторной аудандарындағы совет әскерлері солтүстік қанаттан шабуылдаушы фашистік армияға қарсы лап қояды. Сөйтіп Ливны түбінде бүкіл жаз бойы кескілескен ұрыс жүреді. Амантай осы ұрысқа қатысушылардың бірі болады.
Мұнан кейін Курск тұмсығы құралған солтүстікте 1943 жылдың 6 маусымында Орел мен Курск теміржолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталады. Поныри түбінде 13-армияның 307-дивизиясының полктары қорғаныста тұрды. Танктерді ататын 1180-полк те ұрыс позициясында болды. Жаудың танктері мен жаяу әскерлерінің көптеген шабуылына тойтарыс береді.
Дегенмен жау 9 шілдеде 1019-атқыштар полкы тұрған аймақтан бекіністі бұзады. Фашистердің танктері мен автоматшылары бұзып-жою полкының батареясына да лап қояды. Артиллеристер тапжылмайды. Зеңбіректер істен шығып, туған жерін қорғаған батырлар мерт бола бастайды. Жаңаарқалық жауынгер Амантай Дәулетбековтың қару-жарақ тобы қоршауда қалады. Азғана ержүрек артиллеристер 18 танк және өздігінен жүретін 14 зеңбірек қаруы қолдаған жаудың әскері нөсерлете оқ боратады. Бұл ұрыс екі сағатқа созылған. Фашистердің танктері өртеніп жатты. Құралайды көзге атқан артиллеристердің оғы немістердің жаяу әскерлерін еріксіз жерге бұқтырады. Немістердің 14-шабуылында Дәулетбековтердің қарулары қирайды. Бірақ ұрыс тоқталмаған. Артиллеристер жақындағы жауды гранатамен жойып, мылтық пен автоматпен атқылайды. Сөйтіп Дәулетбековтың артиллерияшылар тобы өлім отының астында жүріп, жаумен күресе береді.
Олар жараланып, қаңсырағанда, граната мен патрондары бітіп, шөлмекке құяр жанар май таусылғанда да ұрысты тоқтатпай жаумен жекпе-жек шығады. Бұл 1943 жылғы 9 шілде Поныри түбінде болған. Батырлар қаза тапты. Бірақ фашистер Амантай Дәулетбековтың артиллеристерінің позициясында қираған 29 танкісін, өздігінен жүретін 13 зеңбірегін және 200-дей солдатын қалдырды. Жау осы шепте тоқтатылады. ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумның 1943 жылғы 24 желтоқсандағы жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.