Бейісқұлов Тоқтар

Тоқтар Әбдірахманұлы Бейісқұлов (15 қаңтар 1932 жыл Талдықорған облысы, Алакөл ауданы Қарлығаш ауылы) - Филология ғылымдарының кандидаты. Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті мүшесі. Қазақстан тарихи-әлеуметтік және құқық қорғау «Әділет қоғамы басқармасының» мүшесі. Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі.

1950 жылы Лепсі педучилищесін, 1956 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін, 1966 жылы Мәскеу Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін тамамдаған.

Еңбек жолын 1943 жылы колхоздың қара жұмысынан бастаған ол Сарқан ауданындағы Аманбөктер жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім, 1956 жылы Фурманов ауылындағы мектепте ұстаздық қызмет атқарыл, сол жылдың қазан айында Андреев аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланған. 1957 жылы Талдықорған облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1959 жылы Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарған. 1962—1964 жылдары Алматы облыстық партия комитетінде нұсқаушы және лекторлар тобының жетекшісі, бірнеше жыл радио мен телевизия саласында, Алматы облыстық радио және телевизия басқармасы бастығының орынбасары, одан кейін Бас редакция болып қайта құрылған редакцияның аға редакторы, Бас редакторы болып істеген. 1973 жылы Қазақ КСР Телевизия және радиохабары мемлекеттік комитетінің Жергілікті телевизия және радиохабары Бас редакциясының Бас редакторы және коллегия мүшесі, 1980—1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің телевизия және радио секторының меңгерушісі, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі басқарма бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.

 

1) Дарын  даралығы. – Алматы: Қазақстан, 1994