Бекболат Тілеуханов
Бекболат Қанайұлы Тілеуханов Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде 1966 жылы туған. Сәкен атындағы орта мектепті бітірген соң 1982 жылы Алматыдағы политехникалық институтқа түсті. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында алаңға шығып сөз сөйлеп, ән салғаны үшін оны институттан шығарады. Бекболат 1987 жылы Алматы консерваториясына түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң сонда мұғалім болып орналасады. Кейін консерваторияның халық әндері кафедрасының меңгерушісі, доцент болады. Сонымен қатар Республикалық Ұланның Президенттік ансамблінің көркемдік жетекшісі болады. Бекболат «Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген артисі», «Халық артисі». Әміре Қашаубаев атындағы сыйлықтың, дарын жастар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Талант-тәңірдің шыңы. Солай бола тұра да осынша дарындылық Бекболаттың бойына қайдан жинақталған десек, Бекболат тақыр жерге шыққан жалғыз дарақ емес. Ой орманы, көркемдік, көсемдік, шешендік, рухани байлығы арнасынан асқан Жаңаарқа топырағында өсіп, шыңға шырқаған шынар. Ол әнші Игілік Омаров мектебінің екінші буыны. Игілік мектебінің тұсауы кесілген әншілердің алғашқы легі аты әлемге әйгілі Қайрат Байбосынов, республикаға мәлім Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Қорабай Есеновтар болса, олардың көтерілген биігінен енді әрі қарай асып бара жатқан осы Бекболат Тлеуханов. Тегінде бар тек жатпайды. Жаңаарқаның әншілік мектебі тоқырамас емес, ол жалғаса береді, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайлардың классикалық әншілік дәстүрі, әншілік мектебі ХХ ғасырда Жаңаарқаға ауысқан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жаңаарқа:Энциклопедия.-Алматы:Темірқазық,2009.-442 бет.
2. Жұмаділдин Асан.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-352 бет.