БЕКСЕЙІТ Сәбит

БЕКСЕЙІТ Сәбит 1950 ж. Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде қаламгер отбасында дүниеге келген. 1972 ж. ҚарМУ-ді бітірген соң облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастаған. Жиырма жылға жуық Ақмола облыстық және аудандық газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Соңғы жылдары Қарағанды облысы бойынша салық комитетінде бас маман ретінде салық саясатын насихаттаумен айналысуда.

Сәбиттің жыр топтамалары жетпісінші жылдардан бері республикалық «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты әдеби көркем басылымдарда және облыстық баспасөзде жарық көріп келеді. Кезінде оның тіл өрнегінен, жыр тәсілінен айрықша ізденісті, өзінше талпынысы бар тапқырлыққа бейім дарынының қалам желісін байқаған қазақ поэзиясының ақ басты абыздарының бірі Қалижан Бекқожин жылы лебіз білдіріп, жас ақынға ақ батасын берген болатын.

2000 жылы Сәбит ақынның 50 жасқа толған мерей тойы аталып өтті. Өлеңдер жинағы жеке кітап болып шықты.

 

Кітаптары: 

1. БЕКСЕЙІТ  Сәбит, Ғасырластарым. – Қарағанды: «АРКО» ЖШС, 2005 – 200 бет

2. Бексейіт Сәбит. Ел мен Ер. Публицистика, Деректі проза, Библиография – Қарағанды: «TENGRI» баспаханасы, 2018 – 300 бет + 1 б.т. суретті жапсырма