"Бір ел - бір кітап 2018" акциясы
Қазақстанда республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға деген жәрдемдесу болып табылады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген ұлтымыздың көрнекті ақыны. Ұлы Абайдың Құдайберді деген ағасынан туған немере інісі. Шәкәрім – ақын ғана емес, ол – жазушы, тарихшы, композитор әрі философ. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгеріп, бұл тілдерден аударма да жасаған. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 ж. жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылсандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның сезімді жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.Хафиз, Физули, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында ата-бабасының шығу тегін, ерлік салтын, ұрпақ тәрбиесін, қарапайым ауыл адамдарының кісілік келбетін, мінез-құлқын, сол кездегі қоғамдық ортаны, әлеуметтік жағдайды, ізгі дәстүрімізді жазған. «Ұшқан ұяда» әлем тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануарлар болмысы, қауымының қалыптасуы ,әлемнің пайда болуы,тірлік,өмір туралы алғашқы мағлұматтарды,азаматтық тұрғыдағы аңыз-әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезімен есіне алған,сондай-ақ ненің жақсы , ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді.
Қазақтың Корчагині атанған жазушы, ғалым Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологта ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғаныстары бас қаһармандар Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы берілген. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабы әлемнің 19 тіліне, оның ішінде мажар тіліне аударылғанын атап өту қажет. Еуропадағы танымал әдеби жүлделердің бірі – Ф.Кафка атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.
Кітапханаға келіңіздер!
Кітап оқиық! Кітап талқылайық! Кітаппен сырласайық!