ИГЕНБЕРЛИН Еркін

ИГЕНБЕРЛИН Еркін Сағындықұлы 1940 жылы Жаңаарқа ауданының орталығында туған. Қарағанды пединститутын бітірген (1964ж.). Ұзақ жылдар ұлағатты ұстаздық қызмет атқарады. Аудан орталығындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Аты әлемге әйгілі әнші Бекболат Тілеухановтың ұстазы.

Алғашқы өлеңдерінің бірі – «Сурет сырына» әуесқой сазгер Жағыпар Әлімханов ән жазып, ол көпшіліктің сүйіп орындайтын, сүйсініп тыңдайтын әніне айналған. Өлеңдері, жырлары терең толғамға, парасат-пайымға бай болып келетін, келісті ой, кестелі сөзге шебер айтулы ақынның шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде үздіксіз жариялануда. Оның ел мен жер тарих-тағдырына байланысты, т.б. толғаулары жан-жақты таныммен, байыпты түйіндерімен құнды ерекше.

Е.Игенберлин Жаңаарқа халық театрының қалыптасуына ат салысқан, бірнеше пьесаларда ойнаған. «Өмір» әдеби-этнографиялық журналының үшінші кітабына /1994ж./ өлеңдері басылған, «Атыңнан айналдым, Жаңаарқам» жинағына өлеңдері енген. «Орталық Қазақстан» газетінің Жаңаарқа ауданындағы меншікті тілшісі.