Қайыржанқызы Маруа
Арқа жерінде кіндік қаны тамып, Алла берген өнерімен есімдері шартарапқа тараған жақсы мен жайсаңдар қаншама. Бірі өнері арқылы шарықтаса, енді бірі спорттағы ерекше жетістігімен таңдай қақтырды.
Әрбір азаматтың атамекеніне арқа сүйейтіні ақиқат. Өйткені, перзентті алға қарай туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жетелейді. «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» дегендей, сырт жақта жүрсе де түп тамыры осы Жаңаарқа өлкесінен шыққан Маруа Қайыржанқызы дәл осындай жан. Бақытты балалық шағы Жаңаарқа жерінде өтіп, тағдырдың жазуымен оңтүстіктің азаматымен көңіл жарастырған соң барлық ғұмыры сол өлкеде өтеді. Өмірін спортпен, ұстазықпен байланыстырған Маруа апай қайда жүрсе белсенділігінің, білімінің арқасында сыйлы, беделді болды. Шалғай жүрсе де туған жерін бір сәт естен шығармай, «Жаңаарқаның қызымын» деген сөзді мақтанышпен айтты. Білім саласының ардагері, Созақ аудандық әжелер алқасының төрайымы, Түркістан облысы, Созақ ауданының Құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері Маруа Қайыржанқызы. Маруа Қайыржанқызы 1950 жылы 14 шілде күні Жаңаарқа ауданы, Алғабас бөлімшесінде дүниеге келген.
Әкесі арабша хат таныған, сауатты, көзі ашық білімді кісі болған. Ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллинмен үзеңгілес жолдас болып, колхоздастыру кезеңінде бірге жұмыс жасаған. Әкесі атақты Балуан Шолақтың қайнысы. Алты алашқа белгілі Ғалия сұлудың немере інісі. Балуан Шолақпен бірге жүріп, сөз қағыстырған. Әкем менің оңтүстікке кетерімді түсінде көрген екен. Ал анам Айша Рақымжанқызы байдың қызы болған екен. Ауыл-аймақ ол кісіні «Ақ Айша», «Балуан Айша» деп еркелеткен. Бақытты балалық шағын туған өлкесінде өткізді. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1967 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында орналасқан В.И.Ленин атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап шығады. Алғаш еңбек жолына қадам басқан жан тарихы терең, керегесі талай тарихи оқиғалардың куәсі болған, алтын босаға, білім сарайына айналған Жаңаарқа ауданының Алғабас орталау мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастайды. Өзін спортпен ұштастыруында өзіндік сыр бар демекші, Маруа Қайыржанқызы ұстаз бола жүріп те, алыс қашықтыққа жүгіруден бірнеше рет облыс чемпионы болды. Осы уақытта спорт шеберлігіне үміткер болып, республикалық жарыстарға қатысты. 1968 жылы ҚазССР құрамасына алынды. Тәжікстанда өтетін халықаралық жарысқа қатысып, спорттың жеңіл атлетика саласы бойынша «Спорт шеберлігіне кандидат» атағын қорғады. Әйелдер істері және отбасылық демография саясаты жөніндегі комиссияның алғыс хатымен марапатталады. Республика төңірегінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы ұйымдастырған «Сыбаға» байқауының І орын иегері, «Нұр Отан» партиясының, аудан әкімінің алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.