Мұсылманбеков Қани
(15.11.1934 жылы туған, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы) – онколог ғалым, медицина ғылымының докторы (1981), профессор (1982). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1996). Қарағанды мемлекеттік медициналық институтынтын (1957) бітірген. 1957 – 1972 жылы еңбек жолын Жезқазған кенішінде телімдік терапевтен бастап, Қарағанды облысының онкология дипансерінің бас дәрігері болды. 1972 жылдан Қарағанды мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қарағанды медицина академиясы) онкология курсының меңгерушісі. Негізгі ғылыми еңбектері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды хирургиялық жолмен емдеуге арналған. Операциядан кейін науқастардың өлімін және дертінің асқынуын азайтуға мүмкіндік беретін адаптациялық, инвагинациялық., т.б. анастомоздардың (грек. anastomуsіs – саңылау, шығатын жер) түрлерін жасады. 13 өнертабыстың авторы, халықаралық деңгейдегі 2 патенті бар, 20 өнертабыстық ұсыныс енгізген.