Омарұлы Игілік
Игілік Омарұлы 1934 жылы 24 сәуірде туған. Әкесі Омар жас кезінде көп айтысқан ақын болған. Игілік әнді 5-6 жасынан бастап айта бастайды. Мектепке бармай тұрғанда-ақ әнші Марқаба Шайкөзова деген қызға еріп аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлде алған. Облыстық байқауда озып шыққан баланы Алматыға баруға жолдама береді. Үлкен шешесі Қошан ақсақалдың әйелі Зүкіш «өзім қоса бармасам немеремді жалғыз жібермеймін» деп алып қалған.
Содан кейін Игіліктің өнер көрсету жолы 1949 жылы ашылып, республикалық байқауда Ақтоғайлық Заря деген қыз екеуі бірінші орын алып қайтады. Қорытынды концертте Игілік ән салғанда Құрманбек Жандарбеков «Игіліктен жақсы әнші шығады» деп жоғары баға берген.
1957 жылы жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде Мағауия Қамзин мен Игілік Омаров бірінші дәрежелі дипломның иегері болады.
1967 жылы «Жаңаарқа» ансамблінің басты әншісі болып барып, алматылықтарды Арқаның әсем әндерімен сусындатқан.