Сәдуақасов Жанайдар
Сәдуақасов Жанайдар (1898-1938) –партия, кеңес, мемлекет қайраткері. Қазақстанда кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысушы. Ақмола уезі, Сарысу болысының Төссаз ауылында туған. Ақмолада приход мектебін (1916), Омбыда гимназияны (1919) бітірген. 1919ж. Омбы большевиктерінің ықпалымен ашылған «Қазақ жастарының демократиялық кеңесі» астыртын ұйымын басқарды. С.Сейфуллиннің түрмеден қашуына жәрдемдесіп, жалған құжат жасап берген. 1919-22жж. Ақмола уезінде халық соты, уездік халық ағарту бөлімінң меңгерушісі, уездік және губерниялық атқару комитеттерінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1922-37жж. Қырғыз (Қазақ) АКСР ОАК-тің жауапты хатшысы, Адай уездік ревком төрағасы, Қаз АКСР финанс халкомының орынбасары, Сырдария губаткомының орынбасары, Сырдария губаткомының төрағасы, Әділет халкомы, республика прокуроры, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет насихат бөлімінің меңгерушісі, көлік жөніндегі хатшысы, өлкелік партия комитеті сауда бөлімінің меңгерушісі, 1936ж.
ҚазКСР Халкомсовы төрағасының І-ші орынбасары әрі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, Алматы облыстық және қалалық партия комитетінің І-ші хатшысы қызметтерін атқарды. 1922 жылдан Қазақ АКСР ОАК-нің мүшесі, 1929 жылдан БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің Бюро мүшелігіне сайланды. Әділет халкомы және республика прокуроры болған кезінде ұлттық заңгер кадрларды дайындауға, әйелдерді заң қызметіне тартуға, заң актілерін ел мүддесіне бейімдеуге қатты көңіл бөлді. Жетім балалар үйлері мен ұлттық мектептерді ашуға белсене кірісті. Тұңғыш қазақ театрын ашуға тікелей ықпал етті. Байларды тәркілеу саясатына ашық қарсы болып, өлкелік партия комитетінің ІV пленусында сөз сөйледі. 1932ж. О.Жандосовпен бірге халықты аштықтан құтқару жөніндегі арнайы комиссияны басқарды. 1937ж. 17 қыркүйекте «халық жауы» деген жаламен қамауға алынып, 1938ж. 25 ақпанда атылды. 1957ж. 16 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен ақталды.
Кітаптары:
1. Өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі. Шығармалар жинағы. – Астана, «Елорда», 2013. 400 бет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жаңаарқа:Энциклопедия.-Алматы:Темірқазық,2009.-397 бет.
2.Жұмаділдин Асан.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-500 бет.