Ш.Ералиев ауылы
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында дамыған 30 ауылдың қатарындамыз
Біздің ауыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қайталанбас тарихи мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Қазақстан бойынша дамыған 30 ауылдың қатарына Қарағанды облысынан екі ауыл еніп, соның бірі Ералиев ауылы болды. Бұл жобаның жетекшісі жазушы, ақын, лирик М.Шоқан мырза. Ауылда Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі дамуы стратегиясын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Олардың ең бастыларының бірі – мал шаруашылығы бағытын дамыту болып табылады.
Қазіргі таңда Ералиев ауылдық округі бойынша 98 шаруа қожалығы бар. Мемлекеттің ауылшаруашылық саласын тұрақты қолдауының арқасында, аталған шаруашылықтар мал басын асылдандырумен айналысып, несиелерін алып, өз істерін дамытып отыр.
Ералиев ауылында кіші кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, мүгедектерді қорғау, үй құрылысы жоспарын орындау тәрізді әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары қабылданып, іске асырылуда.
Шаруа қожалықтар лизингіге тракторлар алуда.
Қазіргі уақытта Ералиев ауылдық округінде 353 аула, 2047 адам бар. Ауылда «Жалын» көмір кеніші демеушілік көрсетіп, 20 орындық көпшілік жуынатын монша бар. Бір жаңа аурухана бар. Шәбден Ералиев атындағы саябақ , мешіт бар. Жұмыс істеп тұрған 4 дүкен бар. Былтырғы жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында аулымыздағы мектеп, аурухана, Мәдениет үйі, Мешіт аулаларына 150 түп қаратал, 30 түп қарағай, 100 түп үйеңкі ағаштары отырғызылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Хоккей корды, мектеп ауласына субұрқақ, машина жүретін көпір, автобус аялдамасы, ауылдың кіреберісіне көрсеткіш белгі, «Жан жүрегім ауылым» иллюминациясы, мешіттің сырты жөнделіп, күмбездер орнатылды. Аудандық бюджет пен ауыл тұрғындары тарапынан жиналған қаражатқа Спорт кешені салынды.
Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл 30 жылда гүлденіп, үлгілі ауылға айналған. М.Шоқан бастаған іс-шараға ауылымыз жұмыла көтеріп, атсалысты. М.Шоқан бастаған делегация түсірілімді ауылымыздың жанындағы тарихи ескерткіш Жұбан ана күмбезінен бастады. Содан кейін ауылымыздың орталығындағы ауыл мешіті, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» атты шараның жалғасы Мәдениет үйі алаңында ұйымдастырылған «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 күбі» атты шағын іс-шара, «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері ән айтып, шашу шашты. Сонымен қатар «Еркем-ай» би тобының қыздары би биледі. Ауылымыздағы Тәуелсіздік жылдарындағы бой көтерген ғимараттарды, бірнеше шаруа қожалықтың тұрмыс-тіршілігін, ұмытыла бастаған қайыстан өрілген ат әбзелдерін жаңғыртып, кейінгі жастарға үлгі етіп жүрген Ысқақұлы Берден, ұмытылып қалған салт-дәстүрлер туралы көненің көзін көрген ақ жаулықты аналарымызбен сыр-сұхбат жүргізді.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауыл жұрты мен үкілеген үмітті арқалаған ауыл жастары одан әрі ауылымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосады деген сенімдеміз.