Төленова Зирабүбі
ТӨЛЕНОВА ЗИРАБҮБІ МАЙМАҚҚЫЗЫ 1960 жылы 25 қазанда Жамбыл облысы Луговой (қазіргі Т. Рысқұлов атындағы) ауданы Қарақатты ауылында туған, қазақ. 1977 ж. Луговой (Құлан) селосындағы Ш. Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебін бітірген. 1977-1980 жж. өзі бітірген мектепте аға пионер вожатый, № 1 Луговой орыс орта мектебінің қазақ тілі және 1984-1989 жж - Октябрь-шаруа орталау мектебінің тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істеген. 1984 ж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, оны 1989 ж. үздік дипломмен тәмамдап, тарихшы мамандығын алған. 1989 ж. ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасында, 1990-1997 жж. ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының Жалпы бөлім бастығының орынбасары, аға аудармашы және жетекші маман қызметін атқарса, 1997 ж. бері Ш. Уәлиханов атын. Тарих және этнология институтында аға лаборант, кадр бөлімінің аға инспекторы және аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, 2014 жылдан бастап Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. 2005 ж. осы институт жанындағы ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде “Академик М.Қ. Қозыбаев: өмірі, қоғамдық қызметі және ғылыми мұрасы” тақырыбындағы 07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Қазіргі таңда Институттың Тарихнама және деректану бөлімінің ғылыми қызметкері, Диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы, әрі аспирантура және докторанттармен жұмыс, кейіннен магистранттармен, т.б. ғылыми жұмыстармен айналысып келеді. Сондай-ақ 2006 жылдан Институт жанынан шығатын «Отан тарихы» ғылыми журналының редакторы, 2015 ж. жауапты редакторы және «edu.e-history.kz» Электрондық ғылыми интернет-журналдың жауапты редакторы. З.М. Төленованың ғылыми басылымдарда және әртүрлі деңгейдегі ғылыми конференция материалдарының жинақтарында 160-тан астам ғылыми жарияланымдары жарық көрген. 2014 жылы ғылыми жетекшісі, академик М.Х. Асылбековпен бірлескен авторлықта үлкен монографиялық зерттеу еңбегі «Академик М.Қ. Қозыбаев: ғұлама ғалым, ірі қоғам қайраткері» шықты. Сондай-ақ, бірнеше қомақты ғылыми еңбектердің, атап айтқанда: М.Қ. Қозыбаев. Өркениет және ұлт. - Алматы, 2001; М.Қ. Қозыбаев. «Жұлдызым менің». - Алматы, 2001; Қазақстанның тарих ғылымы: Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының 60-жылдығына арналған. –А.: МерСал, 2005; «Историческая наука постсоветской Центральной Азии: обретение и проблемы». – Алматы, 2006. – 206 с.; Байдабек Ахметұлы Төлепбаев. (Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясы). – Алматы, 2006. – 39 б.; М. «Козыбаев. Избранные труды». – Алматы, 2015. – 2 томдық, «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Манаш Қозыбаев». – Алматы, 2016. – 393 б.; және өзге де монографиялық және ғылыми жинақтардың құрастырушысы және авторы. Қазіргі күнде «Ұлттық тарихи сана: мәні, сабақтастығы және тағылымдары (ХVІІІ –ХХІ ғ. алғашқы он жылдығы)» және Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Шу-Ыстықкөл ошағының Меркі көтерілісі туралы іргелі зерттеулер бойынша еңбектер дайындауда. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар педагогикалық-ұстаздық қызметін де жалғастырып келеді. З.М. Төленованың ғылыми жетекшілігімен ізденуші Белгібай Жанар «Асанбай Асқаровтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі және шығармашылық мұрасы (1922-2001 жж.)». тақырыбында 2009 ж. тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атаған қорғап шықты. 2005-2013 жж. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде, Қазақ мемлекеттік архитектура және құрылыс академиясында аға оқытушылық қызметін де қосымша атқарып келді. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кадрларды дайындау орталығында «Дала өркениеті» пәнінен магистранттарға дәріс оқиды. Сондай-ақ 2 курс магистранттары Б. Салықбайдың «Қазақ тарихы» мен «Отан тарихы» журналдарындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: салыстырмалы анализ (1998-2015)» және Нұрғазы Ділнұрдың «Зият Шәкәрімұлын зерттеу. Өмірі, қызметі және ғылыми мұрасы» атты магистрлік жұмыстарына ғылыми жетекшілік етеді. Осыдан 39 жыл бұрын өзі оқыған Құлан селосындағы Ш.Ш. Уәлиханов ат. қазақ орта мектебінің 2008 ж. желтоқсанда 60 жылдығына байланысты өткен мерейтойда аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2015 ж. Қазақ хандығының 550 жылдығына және 2016 ж. 1916 ж. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен және бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталған.
Кітаптары: