ЖАМАНОВ Хамит

ЖАМАНОВ Хамит Смайылұлы (1928-1995) Жаңаарқа ауданы Келтетал колхозында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген.

Жаңаарқа ауданының №1 мектебінде, Түгіскен, Аппаз ауылдарындағы орта мектептерде, аудандық оқу бөлімінде, аудандық партия комитетінде, кешкі мектепте әртүрлі жауапты қызметтер (мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор, инспектор, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, нұсқаушы) атқарған. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі атағын алған. Жаңаарқа аудандық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының хатшысы, Ауылдағы қазақ қаламгерлерінің ұйымдық серіктігінің ретінде көп жылдар бойы нәтижелі еңбек еткен.

Х.Жаманов өлең өлкесінде түрлі тақырыптарға қалам тартты. Жастық жалынмен суарылған балауса туындыларынан бастап, өзінің өмірлік болмыс-бітім, мақсат-мұратын аңғартатын терең мазмұнға бай толғау дастандарына дейінгі аралықта жазылған әрбір жыры, оқырмандар жүрегіне жол таба білген. Ел мен жер тарихын, замандастар келбетін, адами ізгі қасиеттерді көркем тілмен кестелеу арқалы ақын ретінде өлеңдері мен толғау, дастандары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда тұрақты басылып тұрды. Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінің Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. Өлеңдер «Сарыарқа саздары» (1991ж.) атты облыс ақындарының жинағына басылған.

 

Кітаптары: 

1. Жаманов Х. Сарыарқа – сыр шежірем. Алматы: «Үш Қиян», 2005 – 224 бет