ЖАРЫЛҒАПОВ Ісләм

ЖАРЫЛҒАПОВ Ісләм (1918-1991) Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты, Бірлік ауылының Көктал деген жерінде туған. 1926-27 жылдары ауыл молдасынан сауат ашып, кейіннен жаңаша оқуға іліккен. «Қызылтау», «Жартас», «Атасу» мектептерінде оқыған соң Алматы педагогикалық институтының училищесін (1934-38ж.ж.), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Дипломатия академиясының тыңдаушысы болған. Онда Жапония секциясының теория курсын тыңдаған (1944-45ж.ж.).

І.Жарылғапов 1942-74 жылдар аралығында мектеп мұғалімі, институт оқытушысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің секретары, Мәскеуде БЛКЖО Орталық комитетінің нұсқаушысы, Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші секретары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары (1946-52ж.ж.), партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, «Жазушы», «Қазақстан» баспаларының аға редакторы, редакция меңгерушісі, Қазақ ССР мәдениет министрлігінің коллегия мүшесі, Өнер басқармасының бастығы, Қазақ ССР Бааспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, аударма советінің председателі секілді қызметтер атқарған.

І.Жарылғапов Ленин шығармаларын аударушылардың бірі. Көркем әдебиет саласында Пришвин, Герман, Горький, Шолохов, Герцен, Тургенев, Толстой, Пушкин, Ниязи, Леонидзе, Исакян, Вахтанг, Әзиз Несин, У-Ян, Клара Цеткин, Вилли Бредель, И-Р.Бехер т.б. әр жанрдағы шығармаларын қазақшалаған. Белгілі аудармашы әрі тіл маманы оқта-текте өлең де жазады. Алайда Ісләм Жарылғаповтың басты табысы оның қазақшасы жаңа сөздер жасап, бүгінгі өмірімізге енгізуінде. Оған мысал читатель-оқырман, зритель-көрермен, мороженое-балмұздақ, яичница-уыздық, пляж-жағажай, детсад-балажай, роддом, родильная-іңгәжай т.б. көптеген осы тектес ана тілімізді байыта түсетін сөздер.

І.Жарылғаповтың «Үздік мұғалім», «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік баспасөз қызметкері» атақтары бар. Түрлі құрмет грамоталарымен наградталған.

57 жыл тұрған мекені Алматы шаһарында дүние салған Ісләм Жарылғапов өзінің өсиеті бойынша туған жеріне әкеліп жерленді. Архитектурасы әсем мазар салынды. Ақтасты селолық округіндегі орталау мектепке І.Жарылғаповтың есімі берілді. Мұражай ашылды.