Жәкенов Тілеу
Мен, Жәкенов Тілеу Жәкенұлы 1940 жылы сәуірдің 28 – де Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу колхозында дүниеге келдім. Атасу колхозында 1947 жылы бастауыш мектепке оқуға түстім. Бастауыш мектепті 1951 жылы бітіріп, сол жылы Жаңаарқа ауданының орталығындағы Ленин атындағы №1 мектепте оқуымды жалғастырдым. Орта мектепті 1957 жылы бітіріп, сол жылы Ақмола қаласындағы мал дәрігерлік техникумға түстім. Техникумды 1960 жылы бітіріп Жаңаарқа аудандық мал дәрігерлік мекемеден Қызылтау совхозына жолдама алдым. 1960 жылдың мамыр айында Қызылтау совхозда 1963 жылдың маусым айына дейін болып, сол жылдың шілде айында Жеңіс совхозының Карл Маркс бөлімшесіне мал дәрігері болып ауыстым. Бұл жерде 1964 жылдың қыркүйек айына дейін бөлімшеде мал дәрігерлік қызметін атқардым.
1964 жылы Алматы мал дәрігерлік институтқа сырттай оқуға түстім, оны 1968 жылы ойдағыдай бітірдім. 1964 жылдың қазан айында Жаңаарқа аудандық ауылшаруашылық мекемесінің жолдамасымен жаңадан ұйымдасқан Ақтау совхозына бас мал дәрігері болып қызмет атқардым.
Бұл совхозда бұрын қолданылмаған мал дәрігерлік шаралар атқардым. Облыс бойынша бірінші болып мал дәрігерлік емдеу пункітін аштық. Сонымен қатар облыста бірінші болып қойды қотырға қарсы креолин ертіндісіне жаңбырлатып тоғытуды жүзеге асырдық. Бұрынғы арықтан жасалған, цементтелген тоғыттан көптеген қой жарақат алып, кейін өлім – тілімге ұшырайтын.
Одан кейінгі атқарған үлкен шара; айналма қойдың басына 90 % дейін жазылып отарға қосылды.
Совхоздың мал дәрігерлік мамандары болып, малдың орынсыз шығымына жол бермеуге тырыстық. Осы мәселелер жөнінде 1969 жылы облыстық тәжірибе алмасу семинары өтті.
Осы еңбегімді облыс, аудан басшылары ескерген болуы керек. Мені 1973 жылы жаңадан ашылған Ақадыр ауданына бас мал дәрігерлікке ауыстырды. Бұл ауданда мал дәрігерлік шаруаларды дұрыс жолға қойған болдық.
1977 жылдың ақпан айында, отбасылық жағдайына байланысты өзімнің сұрануым бойынша, Ақадыр ауданына қарасты Көктіңкөлі совхозына, совхоздың бас мал дәрігері болып ауыстым.
1980 жылы облыстық партияның IV – ші конференциясына делегат болып қатыстым.
1981 жылы аудан ұсынысы бойынша осы Көктіңкөлі совхозының ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайландым. Бұл қызметімді 1990 жылға дейін атқардым.
1990 жылы жасымның 55 ке толуына байланысты, сол уақыттағы заңнама бойынша жеңілдікпен зейнеткерлікке шықтым.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қарап отырмай халық арасына кең тараған нақыл сөздер жиынтығын «Деген екен», «Қазақ шежіресін» (үш жүздің), «Өмірдің белестері мен елестері», «Жаяу қара» кітаптарын жаздым.
Тілеу Жакенов Жәкенұлы
Кітаптары:
1. Жәкенов Т. ...деген екен! / Жәкенов Тілеу. 37 бет.