Айтжанова Балдырған

Айтжанова Балдырған 1935 жылы Мойынсерік колхозында дүниеге келген. Балалық шағы ауыр соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, тағдыр тауқыметімен ерте бетпе-бет келген.
Әкесі колхоздың сиырын бағып, жалақысыз жұмыс істеген. Қысы-жазы мал бағып, кейде тек қыс мезгілінде бір қап бидаймен ғана марапатталған. 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін әйел-еркек демей, ауыл адамдары ауыр еңбекке жаппай тартылды. Жасы 8-ге толған балалардан бастап егіс алқабында жұмыс істеді. Балдырған апа өгізге соқа жегіп, жер жыртып, мойнына бидай салып, қолмен себетін. Кейін торғай шоқып кетпес үшін, егілген бидайды қолмен жазып шығатын. 10 жасқа толғанда орақ ору жұмысына араласа бастады. Ол кезде комбайн да, техника да болмаған. Егінді сиырға жегіп тасып, масақ теріп, үйде ұн мен нан болмай, тек құрт пен ірімшікпен күн көрген кезеңдерді бастан кешірді.
Бір уыс бидай алуға тыйым салынған еді. Алғандарды соттаған. Бұл кезде елде ер азамат қалмаған – барлығы соғысқа кеткен. Ауылда тек әйелдер мен балалар қалып, бір-бірін жатсынбай, барын бөлісіп, қиындықты бірге көтерген. Соғыстан келген жақсы жаңалыққа бүкіл ауыл қуанып, қара қағаз келсе, бірге қайғырған.
1945 жылы соғыс аяқталып, жеңісті тойлаған сәтте, мүгедек болып оралған жауынгерлер ел басқаруға келгенімен, көпшілігі мүгедектікке шығарылмаған. Ел ішінде әйелдер басым болғандықтан, ауылдарды да солар басқарып, бейбіт өмірдің қалыптасуына үлес қосты.
Соғыстан кейін Балдырған апа 9 сыныпты тәмамдап, 1953 жылы тұрмысқа шыққан. 11 бала дүниеге әкеліп, олардың 9-ын өсіріп, тәрбиелеп, үйлі-баранды еткен. Үшеуі түрлі себептермен өмірден өткен. Сол кезеңде балабақша болмағандықтан, өзі жұмыс істей жүріп, балаларын қатарынан қалдырмай тәрбиелеген.
1964 жылы «Разъезд» совхозы кезінде Загозерныйда лаборант болып еңбек етті. Кейін совхоз орталығына келіп, түрлі жұмыстар атқарды. Сүт өңдейтін цехта жұмыс істеп, қажырлы еңбек еткен. 1978 жылы он бала тәрбиелеп өсіргені үшін «Батыр ана» медалімен марапатталды. Бұл марапатқа Брежневтің қолы қойылған.
Жолдасы – сол ауылдың тумасы, қатар өскен, өмір бойы жол бойында (28-30 жыл) еңбек еткен еңбеккер. Кейін отбасы Жаңаарқа ауданына қоныс аударып, бүгінгі күнге дейін сонда өмір сүруде. Аудан әкімінің Алғыс хатымен, Тыл ардагері куәлігімен, Жеңістің 75 және 80 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Балаларының барлығы білім алып, әртүрлі салада еңбек етуде. Бірі – инженер, бірі – шофер, бірі – құрылысшы, енді бірі – киномеханик. Қазіргі таңда қолындағы баласы теміржол саласында тепловоз мастері. Немере-шөберелерінің қызығын көріп, немерелерінің қолында, құрметті қария ретінде өмір сүріп жатыр.
Қазіргі таңда Айтжанова Балдырғанның жасы – 90-да. Ол – сан қилы өмір жолын артқа тастап, қиындықпен шыңдалған, еңбекпен есейген, ұрпағына өнеге болған ардақты ана, тыл ардагері.