Андрижанова Манзуфа

Андрижанова Манзуфа 1930 жылы маусым айында Түмен облысында дүниеге келген. Қазіргі таңда жасы 95-те. Балалық шағы ауыр соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ерте жасынан өмірдің тауқыметін көріп өскен.

Соғыс басталған кезде небәрі 10 жаста болған Манзуфа апа үлкендер істейтін әскери зауытқа жасы жетпегендіктен қабылданбайды. Соған қарамастан ауылда қалып, өгіз жегіп жер жыртып, бидай еккен. Ауылдағы ер адамдар түгел майданға кеткендіктен, барлық ауыр жұмыс қыз балалардың мойнына жүктеледі. Қыздар 10 шақырым қашықтыққа жаяу қатынап, шаршап сабан астында ұйықтап, далада түнеген кездері болған. Сол жылдары анасы бір литр сүтпен ғана отбасын асыраған.

Ауыр күндерде ата-аналар “жыламаңдар, соғыс тоқтайды, фронтқа тамақ жібермесек, жеңіс болмайды” деп балаларына дем берген. Трактор жоқ, техника тапшы болғандықтан, барлық жұмыс қолмен атқарылған. 4 жыл бойы анасы ауырып жатса да, інісін әскерге алып кеткен. Кейін оны Кемерово қаласындағы әскери зауытқа жіберіп, 2 жыл жұмыс істегеннен кейін аяғынан оқ тиіп мүгедек болып оралып, қайтыс болған. Екінші інісі Германияда әскери борышын өтеген, ол да өмірден озған. Сіңлісі совхозда жұмыс істеп, кейін қайтыс болған.

1947 жылдың соңында ауылда оқи алмаған балалар үшін түнгі сыныптар ашылып, Манзуфа апа күндіз жұмыс істеп, түнде 7-сыныпта оқыған. Ағаш жағып, жарығында оқып, кейде ұйықтаған-ұйықтамағанын білмейтіндей шаршаған сәттері болған. 1948 жылы Ленинградқа оқуға жіберілген. Ол кезде елде Сталиннің заманы. Ленинградта оқып жүріп, кейін ауылға оралып, асханада жұмыс істеген. Үлкен-кіші демей пеш жағып, көмір түсіріп, тамақты уақытында даярлау міндеті болған. Тамақ кешіксе, сөгіс алған. Баласы бар әйелдер жұмысқа шықпағанда, Манзуфа апа олардың орнына жұмыс істеген.

Кейін қайта Ленинградтағы оқу комбинатына барып, бітіргеннен кейін сол жақта қалмай, жолдама бойынша ауылға оралып еңбек еткен. Сол жылдары әскери аудармамен келген татар жігіті Ризаковқа тұрмысқа шыққан. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген (екі ұл, үш қыз), бір қызы өмірден ерте озған. Қалған төртеуін жеткізіп, бір қызы – дәрігер, бірі – мұғалім, бір ұлы – оператор, екіншісі – асфальт зауытында жұмыс істеген. Бір ұлы әскерден кейін сырқаттанып, аяғын кестіріп, қазіргі таңда Түмен облысында тұрады. Манзуфа апаның 6 немересі, 7 шөбересі бар.

Жолдасы ауыр науқастан 10 жыл бойы төсек тартып жатып, 24 жыл бұрын дүниеден өткен. Сол жылдары Манзуфа апа жолдасын қызы Роилямен бірге бағып-қағып, соңғы сапарға шығарып салған. Қазіргі таңда өзі Жаңаарқа ауданында қызы Роилямен бірге тұрады. Қызы 60 жастан асқан.

Манзуфа апа өмірінің 40 жылдан астам уақытын Жаңаарқа ауданындағы темір жол саласына арнаған. Сонымен қатар асхана, дүкен, қойма (склад) салаларында да еңбек етіп, түрлі Алғыс хаттармен марапатталған. 1992 жылы зейнетке шыққан. 2025 жылы Ұлы жеңіске 80 жыл толуына орай  «Тыл ардагері» медалімен және алғыс хатмен марапатталған.

Манзуфа апаның өмір жолы – табандылықтың, адал еңбектің, қайсар рухтың көрінісі. Ол – шынайы өмір мектебінен өткен, ұрпағына үлгі болған абзал ана.