Асанова Балкен

Асанова Балкен Төлегенқызы 1937 жылы 1 сәуірде бұрынғы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, жастайынан ауыр еңбекке араласқан.
Сол кезеңде 6–7 жас шамасындағы Балкен апа егін алқабында масақ теріп, ауылдағы тыл жұмысында анасына қолғабыс болған. Ол – жоқшылық пен аштықты, сұм соғыстың салдарын көріп өскен буынның өкілі.
Соғыс жылдары ауылға жаралы сарбаздар жеткізіліп тұрған. Сол кезде дәрі-дәрмек, таңғыш құралдар тапшы болғандықтан, жаралы жауынгерлерге халық емімен көмек көрсетілген. Балкен апаның анасы сол кездегі танымал халық емшісі болған. Ол таң атпай тауға шығып, емдік шөптер теріп, сол шөптен дәрі дайындап, жараланған жандарды емдеген. Кейде ұсақ оқ жарақаттарын жылы суға пышақ салып, теріден алып шығатын да кездер болған.
1956 жылы Балкен апа Ақтау совхозына келін болып түсіп, тұрмыс құрған. 1956 жылдан 1968 жылға дейін сол совхозда қойшы болып еңбек еткен. Жұбайымен бірге 9 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды ел қатарына қосқан. Адал еңбек пен маңдай тердің, төзім мен тағылымның үлгісі бола білді.
Бүгінде Асанова Балкен апа 88 жаста. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында қыздарының қолында тұрып жатыр. Өмір жолы – өткен ғасырдың қасіретті де қаһарман кезеңінің айғағы, еңбекпен есейген, төзіммен шыңдалған ұрпақтың көрінісі.