Қаратаева Тиыштық

Қаратаева Тиыштық Жұмабек қызы 1928 жылы 6 сәуір күні Шу бойында дүниеге келген. Әкесінің аты Жұмабек, анасы Гүлсім. Бұл отбасында 9 бала дүниеге келген. Ыдырыс, Амантай, Злиша, Рысбала, Жұмакүл Ұлтуған және Тиыштық анамыз дүниеге келген. Екі ұл бала шетінеген.
Жолдасы Кемел Қаратаев аты аңызға айналған Ерубай бидің немересі. Арғы аталары Жолдыбай, Тасыбай әулиелер қазіргі Қараағаш ауылдық округінің «Жартас» елді мекені аумағына жерленген. Бүгінгі күнге дейін Жолдекең мен Тасекең мазарына ауырған адам, бала көтермеген келіншектер түнеп, зиярат етеді.Еліміздің түкпір түкпірінен ағылған жұртты Кемаң бастап барып жүрді. Ал, Ерубай Жолдыбай баласы - қара қылды қақ жаратын әділдігімен және «Жиделі торы» бәйге аттарымен үш жүзге даңқы шыққан би. Сондай-ақ, Ерубай Жолдыбайұлы – Орынбор генерал-губернаторының қолынан медаль алған үш қазақтың бірі.
Осындай ескішіл би-болыстың тұқымы деген желеумен қуғындалған Кемел Қаратаев сол кездегі замана желінің ығымен Оңтүстікке ауған көштің құрамында болған. Сол жақта Шымкенттің Ащысай полиметалл комбинатында еңбек жолын бастады. Екеуі 1947 жылы отбасын құрып, шаңырақ көтерді. 1948 жылы елге оралып, колхоз жұмысына араласты. 1949 жылы жеке отармен қой бағуға шықты. Тиштық апа жолдасына көмекші қойшы болды. Содан зейнеткерлікке шыққанша ауыл экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы еңбектері мемлекет тарапынан бағаланып, бірнеше марапаттар мен төсбелгілер таққан. Тиыштық анамыз 14 құрсақ көтерген алтын құрсақты ана. Оның Рымбала, Аманбай мен Жақсыбай үшеуі шетінеген. Аманбала, Оразбай, Қорабай, Аманбек, Қасқырбай, Досымбек, Злиха, Тойған, Кенжекүл, Жеңіс, Кенжебай атты балаларды тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде ғасырға жуық ғұмыр жасап келе жатқан 97 жастағы Тыиыштық анамыздың 14 баласы, 43 немересі , 115 шөбересі бар.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы сарбаздар жаумен күрессе, тылда еңбек еткендер де тыным таппады. Елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар сарбаздарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамту үшін бел жазбай еңбек етті. Әсіресе әкесі соғысқа кеткен жас балалар еңбекке ерте араласып, жоқшылықтың дәмін татты.
1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының ауыртпашылығы тылдағыларға оңай тимеген. «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткендер Жеңіс күнін жақындатып, өздерінің үлестерін қосқаны белгілі. Әр отбасы жұмыс істей жүріп, майданға жылы қолғап пен шұлық тоқып көмектерін бергені рас.