Катпин Қалдыбай

Катпин Қалдыбай Оспанұлы 1934 жылы 15 қаңтарда Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары Алғабас бөлімшесіне қарасты Қарагөл деген жерде тұрған. Соғыс өрті шарпыған шақта мектепке бару мүмкіндігі болмағандықтан, алғаш рет 11 жасында ғана мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданған. 1955 жылы 10-сыныпты бітіріп, Ташкент қаласына барып, құрылыс-инженер мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Оқу бітірген соң туған жеріне оралып, 1959 жылы Жаңаарқа ауданындағы 223 ДЭУ мекемесіне мастер болып жұмысқа орналасады. 1964 жылы участок басшысы болып, сол жылы инженерлік қызметке жоғарылап, 1970 жылға дейін осы салада еңбек етеді.
1972 жылы жұмыс орнын ауыстырып, кейін 1973 жылы құрылған ПМК-1106 мекемесіне бас инженер болып орналасып, 1985 жылға дейін тұрақты қызмет атқарады. 1985–1990 жылдар аралығында Ақтау совхозының маңындағы мұнай айдайтын станцияның құрылысына прораб (құрылыс бригадирі) ретінде жетекшілік еткен. Одан кейін Бодықов Орын есімді кәсіпкермен бірге кооператив құрып, 1994 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылдан бастап зейнетке шыққан.
Катпин Қалдыбай Оспанұлы 1958 жылы отбасын құрып, жары екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірген: төрт ұл, төрт қыз. Жұбайы ерте дүние салған. Балалары бүгінде өз алдына шаңырақ көтеріп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Үлкен ұлы Жұмабек 2019 жылы қайтыс болған. Одан немерелері, тіпті шөберелері бар. Жалпы 8 немере, 10 жиен сүйіп отыр. Қазіргі уақытта Жаңаарқа ауданында ұлы Мейіржанның қолында тұрып жатыр. Үлкен немересі Қарағанды қаласындағы политехникалық университетте білім алуда.
Соғыс басталған 1941 жылы Қалдыбай аға небәрі 7 жаста еді. Дегенмен 10 жасқа толысымен-ақ еңбекке араласып, ауылдағы ауыр жұмыстардың бел ортасында жүрді. Таң ата салысымен бригадирлер оятып, өгіз бен атты аядап, егін егу жұмысына кірісетін. Күннің аптабында мал бағып, жетіспеушілік пен жоқшылықтың азабын тартты. Нан мен қант тапшы болғандықтан, қуырылған бидаймен қоректеніп, аштықпен арпалысты.
Жастайынан тынбай еңбек еткен Қалдыбай Оспанұлы бүгінде сол еңбектің зейнетін көріп, ұрпағының қызығына бөленіп отыр. 2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы медальмен және алғыс хатпен марапатталған