Рахметова Сафура

Сафура Шаханқызы Рахметова 1937 жылы 20 наурызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Өркендеу ауылдық кеңесінің екінші бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесі Шахан – Қызылшоқыда басқарма болған адам. Ұлы Отан соғысы басталған кезде әкесі майданға аттанып, оралмаған. Анасы Молпыза үш қызымен жесір қалып, балаларын қиын-қыстау кезеңде жалғыз өзі жеткізген.

 Сафура Шаханқызы бала кезінен анасына қолғабыс болып, үй шаруасына ерте араласқан. Қой сауу, сүт пісіру, жүн иіру, отын жару секілді жұмыстармен айналысқан. Соғыс жылдарында ауылдағы ауыр тіршілікке ересектермен бірге араласып, еңбекке ерте бейімделген.

Мектептегі білімін Айшырақ ауылындағы жеті жылдық мектепте алып, оны 1953 жылы аяқтаған. Жас күнінен еңбекке араласып, түрлі науқандық жұмыстарға қатысқан. 1955 жылы Жөкен Рахметовке тұрмысқа шығып, отбасылық өмірге қадам басқан. Он баланың анасы атанып, бар өмірін бала тәрбиесіне, еңбекке және отбасы құндылықтарына арнаған.

Сафура Шаханқызы – өмір бойы адал еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, қазіргі таңда балаларынан тараған немере-шөберелерінің ортасында ордалы отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты ана. Баласы Алмас пен келіні Айгүлдің қолында, алтын діңгек болып отыр.