Сәтжанов Хамзе

Сәтжанов Хамзе 1937 жылы 8 маусымда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, қазіргі Байдалы би ауылында дүниеге келген. Балалық шағы сталиндік репрессия мен Ұлы Отан соғысы жылдарының ауыр кезеңіне тап келіп, ерте жастан еңбекке араласқан.

Әкесі Сәтжан Тоқанұлы – Атасу мойынсерігін ұйымдастырып, басқарған, кейін «Дружба» кеңшары құрылғанда бөлімше меңгерушісі болып зейнетке шыққан. Анасы Үмітжан Рахымбердіқызы тыл жұмысына қатысып, отбасын асыраған.

Хамзе 1955 жылы орта мектепті бітіріп, Саран қаласындағы техникалық училищеде механизатор-механик мамандығын алған. 1957 жылдан бастап Карл Маркс ұжымшарында еңбек жолын бастады. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, 1962 жылы Жеңіс кеңшарының кәсіподағы арқылы республикалық министрліктерге шығып, ауданға жарық тарту мәселесін шешуге атсалысты. Нәтижесінде 1968 жылы Атасу мен оған қарасты 18 кеңшар толық жарықпен қамтамасыз етілді.

1970–1980 жылдары аудан көлемінде көптеген әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның салынуына жетекшілік етті. Теледидар мұнаралары орнатылып, аудан халқына сапалы телехабар тарату жолға қойылды. Мұнай айдайтын станция, аурухана, мәдениет үйі, мектептер мен балабақшалар, стадион мен спорт кешендері пайдалануға берілді.

1985 жылы Жаңаарқа орман шаруашылығының директоры қызметіне тағайындалып, орман көлемін ұлғайту, көшет отырғызу, ағаш өңдеу мен орман қорғау саласында елеулі еңбек етті. 1990 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орманшылар съезіне делегат болып қатысып, 1997 жылы зейнетке шықты.

Марапаттары:

«Еңбек ардагері» медалі

«Тыңға – 50 жыл»

«Ұлы Отан соғысының Жеңісіне – 70 жыл»

«Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл»

«Ел ардақтысы» медалі (2016 ж.)

Көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар

Қызметтік және қоғамдық белсенділігі:

Аудандық кеңестің бірнеше мәрте депутаты

Аудандық партия комитетінің мүшесі

Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы

Хамзе – қай салада қызмет атқарса да, еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті, қарапайымдылығы мен парасаты арқылы ел құрметіне бөленген абыройлы азамат.