Шектібаев Сұлтан

Шектібаев Сұлтан 1933 жылы 12 наурызда Қарағанды облысында, сол кездегі Сталин көшесінде дүниеге келген. Балалық шағы елге оңай тимеген қиын-қыстау соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Кейін отбасы Вольфрам (қазіргі Қызылтау) өңіріндегі Боқсай деген жерге қоныс аударады, онда әкесі еңбек еткен. 1942 жылдың тамыз айында, Сұлтан небәрі 8 жасында әкесі Ұлы Отан соғысына аттанып, ол да ел ішіндегі тыл жұмысынан шет қалмайды.

Кесік елді мекенінде егін шаруашылығына қатысып, төрт өгіз жегіп (молотика) ауыр жүкте тасымал жұмысына араласқан. Егіннің масағын қол орақпен орып, баулап, маяға үйіп, оны арбамен тасып, қырманда бидайды жайып, тазалау, ұшыру сияқты күрделі жұмыстарды атқарған. Сонымен қатар атқа, түйеге мініп, ауыл шаруашылығындағы әртүрлі жұмыстарға белсене қатысқан.

Ақтау колхозында қой шаруашылығында да еңбек етіп, қозыларды көгендеп, анасының қасында қой саууға көмектескен. Қойды, қозыны бөлек бағып, отын дайындауға, қиды ойып, басқа да шаруаларға белсенді араласқан.

1956 жылы отау құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірген. Қазір 7 немере, 6 шөбере, 20 жиеншардың сүйікті атасы. Бүгінде Жаңаарқа ауданында ұлы мен келінінің қолында тұрып, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған Сұлтан ақсақал 92 жасқа келсе де, еңбекпен өрілген өмір жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отыр.